Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өткен жылы да жоспарды орындамаған": Әлихан Смайылов екі облыс әкімінің жұмысын сынға алды

Опубликовано:

Әлихан Смайылов. Фото
Әлихан Смайылов. Фото: t.me/KZgovernment

27 мамырда премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізіп, Жамбыл және Ұлытау облыстарының әкімі алға қойған жоспарды орындамағанын мәлімдеді. Отырыста тағы қандай мәселелер қаралғаны үкіметтің ресми сайтында толығырақ жарияланды.

Инвестициялық штабтың отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында НКИ-дың (негізгі капиталға инвестициялар) жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құраған, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға артық. Бұл ретте, министр тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіші жоғары екенін атап өткен.

Әлібек Қуантыровтың сөзінше, қаңтар-сәуір айларында жалпы республикалық нысаналы индикаторға қол жеткізілген. 20 өңірдің 12-сі жоспарды орындаған немесе асыра орындаған. Олардың қатарында Түркістан (148 пайыз), Қызылорда (137 пайыз), Қарағанды (122 пайыз), Маңғыстау (122 пайыз) және Ақмола (116 пайыз) облыстары бар. Орталық мемлекеттік органдар арасында Денсаулық сақтау (167 пайыз), Оқу-ағарту (153 пайыз), Ғылым және жоғары білім (152 пайыз), Сауда және интеграция (143 пайыз), Ауыл шаруашылығы (116 пайыз), Экология және табиғи ресурстар (108 пайыз) министрліктері белгіленген көрсеткішті асыра орындаған.

Өз кезегінде премьер-министр 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені НКИ бойынша көрсеткішті қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын айтқан. Ол аутсайдерлер - Ұлытау (52 пайыз), Абай (64 пайыз) және Жамбыл (65 пайыз) облыстары.

"Ұлытау және Жамбыл облыстары өткен жылы да жоспарды орындамаған. Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр", - дейді Әлихан Смайылов.

Инвестициялық штабтың отырысында қабылданып жатқан шаралар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов баяндама жасаған.

Инвестициялық штаб отырысы
Инвестициялық штаб отырысы. Фото: primeminister.kz

Баяндамашыларды тыңдап болған соң, үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша инвестицияларға жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын мәлім еткен.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт (62 пайыз), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі (61 пайыз) министрліктерінің НКИ бойынша жұмыс қарқыны өте баяу екенін айтып, IT саласындағы жобалар санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін жеткізген.

Инвестициялық штаб отырысы
Инвестициялық штаб отырысы. Фото: primeminister.kz

Аталған мәселелер бойынша Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің есептері тыңдалған.

Отырыс барысында премьер-министр осы жылы үкімет алдында НКИ деңгейін 18,5 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеген. Үкімет басшысының айтуынша, осыған байланысты өңірлер мен ведомстволар кемшіліктерді ескере отырып, негізгі капиталға инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтуі қажет.

Инвестициялық штаб отырысы
Инвестициялық штаб отырысы. Фото: primeminister.kz

Сонымен қатар отырыста тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі өткен жылғы жұмыс қорытындылары қаралған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың мәліметінше, өткен жылы НКИ көрсеткіші $28 млрд құраған, бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Экономиканың негізгі салаларында жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 199 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. 2023 жылы 1,9 трлн теңгеге тағы 281 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша инвесторлардың үздік ондығына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Германия елдері кірді.

Әлихан Смайылов мемлекет басшысы үкімет алдына 2029 жылға дейін $150 млрд ТШИ тарту міндетін қойғанын еске салды.

"Биыл экономикаға кем дегенде $24 млрд шетелдік капиталды тартуға тиіспіз. Министрлер мен әкімдер экономиканың басым секторларында шетелдік капиталдың қатысуымен жаңа әрі сапалы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауы керек", - дейді премьер-министр.

Отырыста бұдан бөлек қатысушылар шетелдік инвесторлардың қатысуымен орындалатын ірі жобалар бойынша проблемалық мәселелерді қараған. Талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға оларды шешу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2022393-otken-zyly-da-zospardy-oryndamagan-alixan-smaiylov-eki-oblys-akiminin-zumysyn-synga-aldy/

pixel