Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Былтыр 18 мыңы грантсыз қалды": мәжіліс депутаты түлектерге бөлінген гранттар мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

Сүлейменова Жұлдыз
Сүлейменова Жұлдыз. Фото: Youtube / Қазақстанның парламент мәжілісі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек парламент мәжілісі отырысында неліктен былтыр абитуриенттерге арналған 18 мың грант игерілмей қалғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Парламент мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы комитет "Аманат" партиясының бағдарламасы бойынша жоғары білімге бөлінетін грант санын жыл сайын 5000-ға ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Сол арқылы жастардың грант негізінде білім алуы, шәкіртақы алуы, мамандардың тапшылығын жою және өңірлердегі еңбек нарығының сұранысы мәселесін шешуді көзделіп отыр, дейді ол.

Ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдап, өткен жылы жоғары оқу орнына бөлінген 18 мың грант не себептен игерілмегенін сұраған.

"Бірақ былтырғы жылы министрлік 18 мың грантты игере алмады. Жастарымыз 18 мың грантсыз қалды. Бұндай ауқымды деңгейдегі қаражатты игермеу бұрын-соңды болған емес. Бұған дейін сіздер айтып келдіңіздер: "бізге грант керек, бізге қаржы керек" деп, біз қаржыны қарастырдық. Тіпті мемлекет басшысы былтыр 10 мың грантты батыс облыстарының (ред. - Қазақстанның) түлектеріне бөлуді тапсырған еді. Оның 6 мыңын тек Маңғыстау облысына бөлуді тапсырған болатын. Сол 6 мың гранттың төрттен бірі ғана игерілген.

Ал егер шын мәнінде қарайтын болсақ, сол Маңғыстау облысында білікті, жоғары білімді мамандарға деген тапшылық өте жоғары. Осы орайда Саясат Нұрбекұлы, жалпы мына гранттардың игерілмеуіне байланысты нақты сараптамалық мониторинг жүргізілді ме? Сіздер айтасыздар, біз оны басқа облыстарға қайта бөлдік деп. Ол уақыттағы аралық үлкен уақытты қамтыды. Біздің жастарымыз біраз грантсыз қалды. Алдағы уақыттағы бөлініп отырған 5 мың грантты толық игеруге қатысты өздеріңіздің нақты жоспарларыңыз қандай?", - деп сұрады Жұлдыз Досбергенқызы.

Саясат Нұрбек
Саясат Нұрбек. Фото: Youtube / Қазақстанның парламент мәжілісі

Саясат Нұрбектің айтуынша, гранттардың игерілмей қалған гранттардың көбі - нысаналы гранттар.

"Шын мәнінде де былтыр гранттар игерілмей қалды. Негізгі себебі, сіз өзіңіз атап кеткен нысаналы гранттар болды. Өздеріңізге мәлім екі облысымызға - Маңғыстау мен Атырауға 10 мың нысаналы грант бөлінді. Талдауын жасадық толыққанды. 13 153 бала былтырғы жылы осы екі өңірде мектеп бітірді. Оның 11 жарым мыңы ҰБТ-ға қатысты. Бірақ 2297 бала ғана грантқа ие болды. Сондықтан, осы ең үлкен игерілмеген сан - 7703 грант осы екі облыста болып қалды.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, Маңғыстауда 7639 бала бітірсе, биыл 7400 ғана бітіреді екен, сондықтан министрлік биылғы жылы екі нысаналы өңірлерге берілген грант бойынша мемлекеттік тапсырысты 500 мыңға дейін қысқартқан.

"Біріншіден, біз толық демографиялық болжамдар жасап шықтық. Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты 500 мыңға дейін қысқарттық осы екі нысаналы өңірлерге берілген гранттың санын. Неге десеңіз, мысалы, былтырмен салыстырғанда Маңғыстауда 7639 бала бітірсе, биыл 7400 ғана бітіреді. Соны қысқарттық.

Екіншіден, осы екі өңірге жұмыс істейтін 47 арнайы жоғары оқу орнын бекітіп қойдық... Екі өңірдің әр ауданына біздің ұлттық тестілеу орталығының өкілі, басшылығы және сол 47 жоғары оқу орнының өкілдері барып, арнайы кәсіптік бағдарламаларды өткізді. Ата-аналармен кездесіп, әр мектепке, әр ауданға барып шықтық.

Үшіншіден, биылғы мемлекеттік тапсырыс үшін біз осы екі өңір және үш жаңадан құрылған өңірге, сондай-ақ халық саны көп болған Түркістан мен Шымкент өңірлеріне арнайы нысаналы гранттарды осылайша бөліп отырмыз. Алдын ала кәсіптік бағыттау жұмыстарын қазірден бастап қолға алып отырмыз. Биылғы мемлекеттік тапсырыстың үрдісін де, нәтижелерін де бөлек сіздерге баяндайтын боламыз", - деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2023756-byltyr-18-myn-grantsyz-igerilmei-qaldy-mazilis-deputaty-tulekterge-bolingen-granttar-maselesin-aitty/