Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық қордан аударылатын ақша: бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады

Опубликовано:

Үнзила Шапақ
Үнзила Шапақ. Фото: Youtube / Қазақстанның парламент мәжілісі

Парламент мәжілісі отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралуда. Құжатты жалпы отырыста депутат Үнзила Шапақ таныстырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Үнзила Шапақтың айтуынша, депутаттар мен тиісті мемлекеттік органдар 2024 жылдан бастап жүзеге асырылатын "Ұлттық қор – балаларға" жобасының негізгі тетіктерін қарастыратын құжат әзірленді.

"Әзірленген жобаға сәйкес ұлттық қордан инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады.

Бірінші, тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үйді сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі.

Екінші, білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орындарында оқу ақысын төлеу шектеуі қажет деп пайымдаймыз. Бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Тиісінше, Қазақстан азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады", - деді Үнзила Шапақ.

Заң жобасы шеңберінде 6 кодекс пен 10 заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілмек.

"18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады", - деді ол.

Сонымен бірге "Ұлттық қор – балаларға" жобасының операторы болып Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ белгіленбек.

Үнзила Шапақ баяндамасында жобаны қандай тетіктер арқылы іске асыру көзделгенін де айта кетті.

"Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді.

БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың саны мен тізімін қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан (Қазақстан азаматтығын қабылдаған және жоғалтқан, туған және қайтыс болған) балалар бойынша қажетті ақпаратты импорттайды. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық банктен ұсынған ақпарат негізінде бір қатысушыға есеп жүргізеді.

Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді.

Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған", - дейді депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2024706-ulttyq-qordan-audarylatyn-aqsa-bala-18-zasqa-tolgannan-keiin-sottagy-qarazat-10-zyl-boiy-saqtalady/

pixel