Даниал Ахметов ШҚО әкімі лауазымынан босатылды
Жарияланған күні:
Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымынан босатылды. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Даниал Кенжетайұлы Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше Даниал Ахметов 69 жасқа толды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Даниал Ахметов 1954 жылы 15 маусымда Павлодар қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолында әр жылдары Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімі, премьер-министрдің орынбасары және бірінші орынбасары, Қорғаныс министрі, Энергетика және инфрақұрылым министрі қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ 2003 жылдың маусымынан 2007 жылдың қаңтарына дейін еліміздің премьер-министрі болған.
Ал Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылғы 11 қарашадан бастап осы уақытқа дейін басқарды.
Даниял Ахметовтың лауазымдық өкілеттігі бүгін аяқталды. Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшысының жарлығымен былтыр ШҚО әкімінің лауазымдық өкілеттігі 2023 жылдың 15 маусымға (15 маусымды қоса алғанда) дейін ұзартылғанын атап өткен болатын.
Еске сала кетсек, бүгін ШҚО-ның жаңа әкімін тағайындауға келісім беру үшін Шығыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттарының жиыны өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2025020-danial-axmetov-sygys-qazaqstan-oblysynyn-akimi-lauazymynan-bosatyldy/