Сенат Назарбаевты тағы бір мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады
Жарияланған күні:
Бүгін сенаттың жалпы отырысында жоғарғы палата депутаттары Назарбаевты оның атымен аталатын мектептер, жоғары оқу орыны және қордың жоғарғы кеңесінің басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мұндай норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда бекітілген.
Құжатқа бірқатар заңнамалық актіні негізгі жобаға сәйкестендіруге бағытталған түзетулер енгізіледі. Ол "Кәсіби біліктілік туралы" заң аясында жүзеге асырылады.
Сенат депутаты Талғат Жүнісовтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында "Назарбаев Университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қорының" мәртебесі туралы заңға мемлекет басшысының дербес білім беру ұйымдарының жоғары қамқоршылық кеңестерін құру өкілеттігін айқындайтын бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
Заң мәтінінде "Назарбаев университетінің", "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" және "Назарбаев қорының" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңы 6-баптың 1-тармағының екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын: "Жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы Қазақстан Республикасының президенті немесе Қазақстан Республикасының президенті тағайындайтын адам болып табылады. Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережені Жоғарғы қамқоршылық кеңестің төрағасы бекітеді" делінген.
Сондай-ақ дарынды балаларды зияткерлік мектептерде оқытуға ақы төлеу оларға конкурстық негізде президенттің "Өркен" білім беру грантын тағайындау арқылы жүзеге асырылатыны көрсетілген. "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2026795-senat-nazarbaevty-tagy-birqatar-martebesinen-aiyratyn-zandy-maquldady/