Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балқаш мыс балқыту зауытындағы бір күн

Опубликовано:

Металл балқыту зауыты
Фото: Kazakhmys Holding

Балқаш мыс балқыту зауыты – тарихы терең кәсіпорын. Алғашқы тазартылмаған балқаш мысы алынған күннен бері мұнда металлургтердің бірнеше буыны ауысты, технологиялар мен жабдықтар жаңартылды. Бірақ өзгермегені – зауыт әлі күнге дейін балқаштықтар үшін тұрақтылық пен әл-ауқаттың кепілі. Металлургтер күні қарсаңында біз БМЗ-ның ішкі өмірі мен онда еңбек ететін адамдар туралы кеңірек ақпарат беруге шештік.

Зауыттың табалдырығынан аттағаннан-ақ оның тарихи келбетін аңғаруға болады. Кәсіпорынның ішкі көрінісі онжылдықтар ішінде өзгергенімен, бесжылдық мерзімге міндеттер қойылатын заманның лебі әлі де есіп тұрғандай.

Балқаш мыс қорыту зауыты бес цехтан тұрады. Олар – шихта даярлау және мыс электролизі, мыс балқыту, күкірт қышқылды және драгметалды цехтар. Мұнда басқару құрамын қоспағанда 3000-ға жуық адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы бірегей тарихы мен жетістіктерімен ерекшеленеді. Зауыттағылардың көпшілігі – балқаштың негізгі тұрғындары (әр отбасында осында жұмыс істейтін кемінде бір металлург бар) және металлургтер династиясының өкілдері. Зауыттағы буындар сабақтастығы – жай әңгіме емес.

Зауыт тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істейді: мұнда өндіріс бір минутқа да тоқтамайды. Біреуі ауысымды өткізіп жатса, екіншілері қабылдап жатады. Күндізгі ауысымға келген балқытушы Мейрам Оразбеков те әріптестерімен бірге нарядты қабылдауға рұқсат алып, жедел жиналысқа (ағымдағы жұмыс мәселелері туралы шағын жиын) қатысып, қауіпсіздік техникасының ережелерін қайталап, шұғадан жасалған костюмін, пимасын, шұға қалпағын, көзілдірігін, бетін толық жабатын қалқан мен респираторын киді. Бұл зауыт қонақтарына да қатысты – бізге де экипировка мен нұсқаулық берілді. Металлургтер жұмысында ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ, сондықтан әр нәрсенің бүге-шүгесі мен әр қадам маңызды. Бірінші кезекте жұмыс орнын тексеру – аумақтағы тәртіп пен жабдықтың жұмысқа даярлығы. Ешқандай ақау болмаса, жұмысқа кірісуге болады.

Балқаш балқыту зауыты
Фото: Kazakhmys Holding

Мыс балқыту цехына кірдік – бұл ұдайы шудан арылмайтыны сонша, ондағы адамдар бірін бірі ести алмайтын үлкен жай. Жұмыс тура мағынасында айтсақ, қайнап жатыр: нағыз ұстахана – пештерден ыстық ұрып тұр, балқытылған металл құйылып жатыр, төбеңде үлкен-үлкен шөміштер балқыту пештерінен конвертерлерге дейін баяу айналып тұр. Адамдар жерде де, 24 метрлік биіктікте де жүр. Олар – үлкен шөміштерді басқарып отырған кабинадағы машинист-краншылар.

Металл балқыту зауыты
Фото: Kazakhmys Holding

«2,5 жыл бұрын алғаш мыс балқыту цехына келген кезде, балқытушының жұмысы осыншама қызық болады деп ойламаппын. Мамандығым – экономист, көп жыл бойы банк саласында еңбек еттім. Бірақ бірер жыл бұрын қызметімді түбегейлі өзгертем деп шешіп, зауытқа келдім. Мұндай шешімге келуіме жалақы әсер етті. Металлург жалақысы лайықты төленеді, ал мен көпбалалы әкемін. Жұмыстың өзі де көңілімнен шықты. Бұл одан да маңызды», - деді 40 жастағы Мейрам.

Мейрам Оразбеков мыс балқыту участогында еңбек етеді және пеште балқитын аралық өнімдер - штеялық және аудару қождарымен жұмыс істейді. Бір ауысымда ПВ-1 және 2 екі пешінен 20 шөміш штейн және әр пештен 10-12 шөміш қож алады.

Металл балқыту зауыты
Фото: Kazakhmys Holding

«Ары қарай өңделу үшін штейн конвертерлерге жіберіледі, ал ПВ қождары қайталама өңдеуге арналған байыту фабрикасына өтеді. Бұдан ары конвертациялау кезеңі, одан кейін тазартылмаған мыс анод пештеріне жіберіледі, онда оған отпен рафинадтау процесі жасалады және анодтарға құйылады, ал олар өз кезегінде мыс электролизі цехына жіберіледі», - деп түсіндірді балқытушы Мейрам Оразбеков.

Балқаш балқыту зауыты
Фото: Kazakhmys Holding

Айтпақшы, пештегі температура Цельсий бойынша 1200-1300 градусқа жетеді. Әлбетте мұндай экстремальды жұмыс жағдайында қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Мейрам Оразбековтың айтуынша, әр ауысымды қабылдар алдында бригадир мен мастер жұмысшыларға кезекті инструктажды түсіндіру кезінде: «Сендерді үйде отбасыларың күтіп отырғанын ұмытпаңдар» деген сөзін бірінші кезекте айтады.

«Жұмыс беруші үшін жұмысшының өмірі мен денсаулығы кез келген өндірістік көрсеткіштен де қымбат. Біз басшылықтың қамқорлығы мен назарын барлық қатынаста сезінеміз. Мәселен, бізге отбасы мүшелерінің әрқайсысына жарамды болатын медсақтандыру, емдік шипажайларға жолдамалар ұсынылады. Ал көпбалалы отбасыларға әр маусым сайын материалды көмек төленіп, балаларды мектепке жинауға қолдау көрсетіледі. Менің төрт балам мектепке барады, бұл айтарлықтай көмек», - дейді Мейрам Оразбеков.

Мейрам Оразбеков жаңадан соғылған балқыту зауыттарымен
Фото: Kazakhmys Holding

Зауытта ол жас жұмысшы саналады. Дегенмен мұнда жиырмадан енді асқан жігіттер – «Қазақмыс» бейінді колледждерінің түлектері де еңбек етеді, Мейрамның өзі жаңадан келген балқытушылардың бірінің тәлімгері және оған жаңа жұмыс орнына бейімделуге көмектесіп жүр. Кезінде аға буын әріптестері бұған да қол ұшын созған.

Балқыту зауытының ұжымы
Фото: Kazakhmys Holding

«Жастар көп, барлығы жұмысқа даяр болып келеді. Алайда практикада бүге-шүге көп, сондықтан толығымен процессті меңгермейінше оларға бір жыл бойы бас-көз болу маңызды. Еңбек жағдайын көтере алмайтындар аз емес. Барлығы жұмысшының мінезіне байланысты. Металлургтер – ерекше адамдар, сондықтан мұнда бір қалғандар ұзаққа қалады», - дейді балқытушы.

Металл балқыту зауыты
Фото: Kazakhmys Holding

Зауыт аумағын зерттеп жүргенде, мыс алу және тауарлық өнімді жасау мақсатында мыс концентраттарын қайта өңдеуге негізделген металлургия өндірісінің негізгі технологиялық процесімен таныстық. Бастапқыда шихта даярлау цехына шеттен әкелінген концентраттар келіп түседі, оларды араластырғаннан кейін шихта пайда болады, одан соң ол сұйық ваннада балқыту технологиясы бойынша Ванюков пешіне түседі. Алынған мыс шөміштермен конвертерлерге жеткізіледі, онда тазартылмаған мыс өндіріліп, артынша анод пештеріне түседі. Процесс аяқталған соң алынған анод мысын анод мысын алуға арналған арнайы машиналарға құяды. Ал бұл ретте анодтар металлды электролиздеу цехына барып, электролиздеу ванналарына жүктеледі. Электролиз процесі кезінде катод мысы пайда болады.

Электролиз мамандары
Фото: Kazakhmys Holding

Электролиз процесін көзімізбен көру үшін бейінді цехты көрдік, онда сіңіп қалған күкірт қышқылының иісі шығып мүңкіп тұрды. Зауыт жұмысшылары ол иіске үйренген, ал бізге оңай болмады. Мұнда барлық жерге ванналар қойылып, электролит ағып тұрады екен.

«Электролиз – электр тоғының әсерінен химиялық әсерлер жүзеге асатын процесс. Ерітіндіге екі электрод орналастырылады, олардың бірі тоқ көзінің оң полюсіне жалғасып, анодтарға қызмет етсе, екіншісі теріс полюске жалғанып, катодқа қызмет етеді. Электролиздеу кезінде электродты процесстер екі электродта өтеді және электролиз көрсеткіштеріне екі электродта жүзеге асатын процесстер әсер етеді. Анод мысының құрамында электролиз процесі кезінде түрліше әрекет ететін және катод қалдығы, электролит және мысэлектролит қалдығы арасында бөлінетін қоспалар – электролизниктер бар», - деп түсіндірді мамандар.

Металл
Фото: Kazakhmys Holding

Дайын өнім участогында анағұрлым тыныштау. Мұнда шу да, ыстық та жоқ. Десе де бұл мыс электролизі цехының ғана емес, тұтас зауыттың негізгі участоктарының бірі. Дәл осы участокта дайын топтамаларды өлшеу, пакеттеу, пішіндеу және маркалау жүзеге асып, мыс катоды өнімін тұтынушыларға жеткізу үшін тиеу орындалады.

Катоды медные
Фото: Kazakhmys Holding

«Біздің участок мысты маркалар (олар бізде үшеу) бойынша сұрыптауға және ары қарай тұтынушыға жеткізу үшін тиеуге арналған. Серіктестік ауқымы кең – Қытай, Германия, Италия, Түркия және Ресей. Бізде 80 тазалаушы, 14 ПЦМ бақылаушысы және 16 электровоз машинисі жұмыс істейді. Әрқайсының жұмысы физикалық жүктемелермен байланысты, сондықтан шыдамдылық болмаса, алысқа бара алмайсың», - дейді участок басшысы Айбек Ыбырайым.

Сақтанбай тағы да болмайды және әр қадам сайын мұны еске салатын тиісті тақтайшалар ілініпті. Участокта электровоз, крандар, автожүктеуші сынды көптеген техника жұмыс істеуде. Айта кету керек, соңғы 5 жылда мұнда оқыс жайттар орын алған жоқ – бұл кәсіпорындағы қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғауды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жасалғанының арқасы.

Сейткали Сагалов
Фото: Kazakhmys Holding

Участоктағы үлгілі әрі кәсіпорында бұрыннан істеп келе жатқан қызметкерлердің бірі – мыс электролизі цехының дайын өнімді тазалаушысы Сейтқалы Сағалов. Жұмысын пакеттеуші қызметінен бастаған. Оның мамандығы бұрын осылай аталатын. Бүгінде оның міндеттеріне қораптау алдында мыс катодтарын түрлі керексіз қоспадан тазартау кіреді. Жұмыс істеген жылдары Сейтқали өзін тиімді жұмысшы, жақсы ұйымдастырушы ретінде танытып, нәтижесінде оны бригадир қызметіне көтерген.

«Бригадамда дайын өнімді тазалаумен айналысатын өз ісінің маманы мен шебері саналатын 20 тазалаушы еңбек етеді. Бір ауысымда біз 140 пакетті пакеттеп, 200-300 тонна катод мысын береміз, ал айына 15 мың тонна», - дейді Сагалов.

Соңғы бірнеше жыл ішінде оның бригадасы мыс электролизі цехындағы жетекші бригадаға айналған. Бригада жыл өткен сайын өнімділігі мен жұмыс сапасын арттырып, өндірістік көрсеткіштерді артығымен орындаумен ерекшеленеді. Сейтқали Сағаловтың өзі лайықты жас жұмысшылар ауысымын тәрбиелеп шығарып, басшылық тарапынан жоғары жұмыс көрсеткіштері үшін бірнеше рет марапатталған. Ал биыл ол тіпті салалық «Еңбек даңқы» белгісінің толық кавалері атанды – оның кандидатурасың өз цехі ұсынды.

Осылайша біздің аңыз кәсіпорынға сапарымыз аяқталды: бұдан ары зауыт жұмысшыларын жұмыстан алаңдатуға қақымыз жоқ еді. Мысты қалай алатынын көрдік, мысты өндіретін «металлург» атағын құрметпен көтеріп жүрген жандармен таныстық. Олардың қолдарының ізі, адал әрі ауыр еңбегі алыс және жақын шетелдерге жөнелтіліп, Балқаш пен Қазақстанның атын танытып жүрген әр мыс катодында бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2028962-balqas-mys-balqytu-zauytyndagy-bir-kun/

pixel