Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арандатушылық әрекет": Тоқаев Еуропада Құранды өртеу актілеріне байланысты пікір білдірді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілеріне байланысты пікір білдірді. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды.

Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды.

Президенттің пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс.

БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек", - делінген хабарламада.

Еске салайық, биыл 21 қаңтарда Данияның әсіре оңшыл Stram Kurs партиясының жетекшісі Расмус Палудан биліктің рұқсатымен Стокгольмдегі Түркия елшілігінің жанында исламға қарсы акция өткізіп, мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранды көпшілік алдында өртеп жіберген еді. Кейін ол дәл осындай акцияны Копенгагенде өткізді.

Бұл жайттан кейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Швецияның НАТО-ға кіру өтінішін қолдаудан бас тартты.

Бұдан бөлек 28 қаңтарда ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Нидерландыдағы "Патриот еуропалықтар Батыстың исламдануына қарсы" (PEGIDA) оңшыл экстремистік қозғалысының жетекшісі Эдвин Вагенсвельд Гаагада заң шығарушы ассамблея ғимаратының алдында Құранды жыртып тастаған.

Ақпан айының басында Түркияның бас прокуратурасы Расмус Палудан мен Эдвин Вагенсвельдке қатысты қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.

Алайда бірнеше күн бұрын осыған ұқсас жайт тағы да болды. "Дат патриоттары" тобының екі мүшесі қасиетті кітапты Ирак туымен бірге жерге қойып, оны таптап, өртеп жіберген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2030152-toqaev-soltustik-europanyn-birqatar-memleketinde-bolgan-qurandy-orteu-aktilerine-bailanysty-pikir-bildirdi/

pixel