Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан Ауғанстанмен арадағы тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайтпақ

Опубликовано:

Қазақстан және Ауғанстан тарапы
Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ауғанстан делегациясы. Фото: Telegram/Ukimet

Қазақстан Ауғанстанмен арадағы тауар айналымының көлемін 1 млрд доллардан 3 млрд долларға дейін ұлғайту міндетін қойды. Бұл туралы үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше, 2 тамызда Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Алхадж Нұриддин Азизи ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады.

Серік Жұманғарин сәуір айында Кабулға сапары кезінде тараптар елдер арасындағы тауар айналымының көлемін 1 млрд доллардан 3 млрд долларға дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті.

"Қазақстандық компаниялардың Кабулға соңғы сапарының қорытындысы бойынша біздің энергетикалық сусындарымыз, ұн өнімдері, минералды тыңайтқыштардың алғашқы жөнелтілімі болды, күнбағыс майына да қызығушылық бар. Ауғанстаннан импортта ауылшаруашылық өнімдерімен қатар тоқыма бұйымдары пайда болды. Белсенділік танытатын жұмыс бағытымыз бар", — деді Серік Жұманғарин.

️Сондай-ақ ынтымақтастықты жандандыру үшін ауған тарапына Герат қаласындағы Қазақстанның сауда үйінің әлеуетін пайдалану және Қазақстанда өзінің сауда өкілдігін ашу ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар қолданыстағы сауда жолдарын дамыту, Ауғанстан және оның аумағы арқылы тауарларды жеткізудің баламалы бағыттарын құру мүмкіндіктерін талқылады.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан отандық компаниялардың Ауғанстанда, әсіресе көлік, тау-кен, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын басқа да экономикалық жобаларға қатысуын қарастыруда.

Атап айтқанда, биыл сәуір айында қазақстандық делегацияның Кабулға сапарынан кейін "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы Ауғанстанға коммерциялық негізде талшықты-оптикалық интернетті жеткізуге ауған тарапымен келісімшартқа қол қойды.

Қазақстан мен Ауғанстан білім беру бағытында да ынтымақтасады. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ауғанстанның 130 студенті білім алуда.

️Серік Жұманғарин қызығушылық танытқан жағдайда Қазақстанда Ауғанстаннан келген студенттердің санын көбейтуді ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2031087-qazaqstan-auganstanmen-aradagy-tauar-ainalymyn-3-mlrd-dollarga-deiin-ulgaitpaq/

pixel