Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

СІМ: Қазақстан мен Қытай арасында әзірге визасыз режим енгізілген жоқ

Опубликовано:

Төлқұжат
Төлқұжат. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим әлі күшіне енбегенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Министрлік Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге 17 мамырда Қытайға сапары кезінде қол қойғанын түсіндірді.

"Аталған келісімді жасасу тәртібі мынадай - келесімшарт келісімнің 11 бөліміне сәйкес, тараптар қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткен кезде ғана күшіне енеді.

Қазір қазақстандық тарап барлық мемлекетішілік рәсімді аяқтады және Қазақстан Республикасы үкіметінің 2023 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен бұл келісімді бекітті. Сондай-ақ биылғы жылдың 28 шілдесінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті хабарлама жолдады.

Бұл ретте енді біз Қытай тарапынан ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы тиісті хабарламаны күтіп отырмыз", - деді Смадияров.

Министрлік Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим күшіне енген кезде Сыртқы істер министрлігі бұл туралы ақпаратты өз сайтында жариялайтынын атап өтті.

"Өкінішке қарай, кейбір БАҚ осы келісімді бекіту туралы ақпараттың тақырыбы мен мәтінін бұл келісім күшіне енгендей етіп жариялаған. Келісім екі тарап ішкі рәсімдерді орындағаннан кейін күшіне енетінін тағы қайталаймын", - деп қосты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2031556-sim-qazaqstan-men-qytai-arasynda-azirge-vizasyz-rezim-engizilgen-zoq/

pixel