Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халық" қоры Жаңаөзенде спорт кешені мен 20 ойын алаңын салуға қаражат бөледі

Опубликовано:

Жаңаөзен қаласының тұрғындары
Фото: "Халық" қоры

Спорт кешені мен ойын алаңын салу жобасы Маңғыстау облысы әкімдігі мен "Халық" қайырымдылық қоры арасында қол қойылған меморандум аясында іске асырылмақ. Жаңаөзен қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 спорттық алаң салуға қайырымдылық қор 1,4 млрд теңге бөледі.

Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақұлының айтуынша жаңа алаңдар Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына орай жоспарланған.

"Жаңаөзен қаласына жаңа алаңдар мен спорттық кешен салынады. Бұл жаңалық қала тұрғындарын қуантары сөзсіз. Қазіргі таңда бұл жобаға жергілікті әкімдіктің тарапынан 20 жер телімін арнайы қарастырып отырмыз. "Халық" қоры қомақты қаржы бөліп, қазан айының 20- на дейін 20 ойын алаңын аяқтап, қаланың 55 жылдығына орай қолданысқа береді", - дейді Айбек Қосуақұлы.

"Халық" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ынтымақтастық меморандумы спортпен шұғылданатын қала тұрғындарының белсенді демалысы үшін заман талабына сай жайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтады.

Спорт алаңы
Фото: «Халық» қоры

"Спорт кешенінде бір тәулікте 200-ден астам адам айналыса алатын болады. Ал үй алдындағы ойын алаңдары 3 бөліктен тұрады. Алаңның сапасы әлемдік деңгейде заманауи үлгіде жасақталған. Бұл игі істерді жүзеге асыруға қайырымдылық қордың демеушілері Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваның қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі келісілген меморандумның нәтижесінде тағы да ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады", - дейді Нариман Әбілшайықов.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені - спорт әуесқойлары бокспен, күреспен, шағын футбол, теннис, волейбол және баскетболмен шұғылдана алатын спорттық белсенділікті насихаттайтын, ерекше сәулет нысаны. Сондай-ақ спорт кешені жүгіру жолымен, спортзалмен, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелермен жабдықталады.

Жаңаөзен қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тұрғындарды спортқа баулып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да түрткі болмақ. Кешеннің құрылысы кезінде 150 уақытша жұмыс орны құрылып, ал пайдалануға берілгеннен кейін 50 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сақи Мыңбай бұл бастама қаладағы балалардың да, жастардың да мәселесін шешетінін айтып ризалығын айтып отыр.

"Қазіргі таңда халық саны күрт өсіп келеді. Жастарға жаңа жұмыс орындарының ашылуы көңіл көншітеді. Балаларымызға арналып жаңа алаңдардың салынуы да қатты қуантады. Өскелең ұрпақ мәдени ортада қалыптасуы тиіс. Ал жаңа жұмыс орындары жастардың дамуына, өсуіне тікелей әсер етеді. Осындай жобалар дами берсін дегім келеді", - деді Сақи Мыңбай.

Нариман Әбілшайықов және Айбек Қосуақұлы
Фото: «Халық» қоры

"Халық" жеке қайырымдылық қоры Жаңаөзендегі спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл аударуда. 2022 жылы Қор толығымен жабдықталған 16 воркаут және шағын футбол алаңдарын салған. Бүгінде барлық ойын алаңы әкімдіктің меншігіне берілген.

Ойын алаңы
Фото: «Халық» қоры

2016 жылы құрылған "Халық" жеке қайырымдылық қоры қазақстандықтарға жүйелі көмек көрсетуде. Қор құрылғалы 45 млрд теңгеден астам сомаға қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларды іске асырған.

Әкімдік пен "Халық" қоры арасындағы ынтымақтастық басым әлеуметтік міндеттерді шешуде табысты әріптестіктің үлгісі екенін атап өту маңызды.

Жаңаөзен қаласының тұрғындары
Фото: «Халық» қоры

Мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдардың күш-жігерін біріктіру азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Жаңаөзен қаласының спортшылары мен жаттықтырушылардың "Бірлік" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батырбек Жайлыбаев спорт алаңдарының маңыздылығын атап отыр.

"Халық" қайырымдылық қоры осыған дейін бірнеше жобаларды іске асырды. Жаттықтырушы ретінде балаларға әрдайым спорттық үй-тапсырмаларын беріп отырамыз. Балалар үй жағдайында жаттығуларын жасап, еркін дайындала алады. Ендігі салынатын 20 алаң да тұрғындар игілігі үшін", - деді Батырбек Жайлыбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2031801-xalyq-qory-zanaozende-sport-keseni-men-20-oiyn-alanyn-saluga-qarazat-boledi/

pixel