Үкімет басшысы Ақтөбеде тозығы жеткен кәріздік тазарту қондырғыларын жаңартуды тапсырды
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласының кәріздік тазарту қондырғысының тозығы жеткен. Қолданыстағысының тозу деңгейі 80%-ды құрайды. Бұл – экология саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Ақтөбеден жағымсыз иістің шығуының бірден-бір себебі де осы — тазарту қондырғыларының ескіруіне байланысты. Осы мәселені кешенді түрде шешу бойынша техникалық-экономикалық сараптама негіздемесімен аймақта іс-сапармен жүрген үкімет басшысы Әлихан Смайылов танысты.
Мәселені шешу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен кәріздік тазарту құрылыстарын салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов, алдын ала есептеулерге сәйкес, жобаның жалпы құны шамамен 78 млрд теңгені құрайтынын жеткізді.
Кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суларды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технологияларды және жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да оң әсерін тигізеді.
Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға жобаларды әзірлеуді жеделдетіп, ерекше бақылауда ұстауды және оларды жүзеге асыруға қатысты барлық мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2032103-ukimet-bassysy-aqtobede-tozygy-zetken-karizdik-tazartu-qondyrgylaryn-zanartudy-tapsyrdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.