Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Сауд Арабиясының Ауыл шаруашылығы министрімен өзекті мәселелерді талқылады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абдулрахман әл-Фадли
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абдулрахман әл-Фадли. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлиді қабылдады. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады.

Кездесу барысында мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Абдулрахман әл-Фадлиге ілтипат білдіре отырып, оның сапары екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызды екеніне де тоқталған.

"Жиддаға сапарым барысында тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездестім. Кездесуде біз екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы келісімге келдік. Біздің өзара уағдаластықтарымыз қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр және дәйекті түрде орындалып келеді", – дейді президент.

Абдулрахман әл-Фадли
Абдулрахман әл-Фадли. Фото: t.me/aqorda_resmi

Өз кезегінд Абдулрахман әл-Фадли құрмет көрсетіп, қонақжайлық танытқаны үшін мемлекет басшысына алғысын айтқан.

Сондай-ақ ол тақ мұрагерінің Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растаған.

Сонымен қатар министр өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударған.

"Өзіңізге мәлім, азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл әлем үшін өзекті мәселе. Қазақстан бұл бағытта негізгі рөл атқарады деп санаймыз", – дейді Абдулрахман әл-Фадли.

Бұдан бөлек әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы өзара байланыс перспективалары талқыланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2032876-toqaev-saud-arabiyasynyn-auyl-saruasylygy-ministrin-qabyldady/

pixel