Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іріктеу 6 кезеңнен тұрады": президенттік жастар кадр резервіне ену үшін қандай сынақтардан өту керек

Жарияланған күні:

Құжат толтырып отырған ер адам
Құжат толтырып отырған ер адам. Көрнекі фото: pexels.com

1 қыркүйекте елімізде президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев резервке мүше болу үшін қатысушылар қандай сынақтардан өтетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Думан Әбілевтің сөзінше, президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс.

Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау.

Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Департамент басшысы атап өткендей, тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.

Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.

"Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды", – дейді Думан Әбілев.

Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.

Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.

Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.

Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, президенттік жастар кадр резервіне (ПЖКР) үздік 50 кандидат қабылданады.

Президенттік жастар кадр резервінің талаптарына сәйкес, резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, "Б" корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Спикердің сөзінше, агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азамат үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2033309-irikteuden-6-kezennan-turady-prezidenttik-zastar-kadrlyq-rezervine-enu-usin-qandai-synaqtardan-otu-kerek/