Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұрлан Ноғаев Тоқаевқа Маңғыстау облысында ауызсу тапшылығын шешу тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев және Нұрлан Ноғаев
Қасым-Жомарт Тоқаев және Нұрлан Ноғаев. Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты қабылдады. Өңір басшысы президентке Маңғыстау облысының биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жоспарлары туралы баяндалды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесу барысында Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысына есепті кезең ішінде өңірде жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылғанын айтқан. Жалпы, қаңтар-шілде айларында өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 523 миллиард теңгені құраған.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысына ауызсу тапшылығын шешуге қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берген.

Ноғаевтың айтуынша, бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін облыста 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде тұшытылған судың көлемін 146 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ облыс әкімі президентке Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) күрделі жөндеу жүргізу мәселелері жөнінде баяндаған.

МАЭК-ке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінген. Бұған қоса, президенттің тапсырмасы бойынша үкімет резервінен қажетті қондырғыларды сатып алу үшін 4,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

Кездесу соңында мемлекет басшысы облыс әкіміне Маңғыстау өңірі энергетикалық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясындағы міндеттерді іске асыруды тапсырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2033644-memlekt-bassysy/

pixel