Тоқаев пен Рахмон шағын құрамда келіссөз жүргізді
Жарияланған күні:
Мәдениет күндері аясында жұмыс сапарымен елордаға келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президентінің сапары "бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты" одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие екенін атап өтті.
"Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Эмомали Рахмон Қазақстан президентінің шақыртуына алғысын білдірді.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді", - деді Эмомали Рахмон.
Еске сала кетейік, бұған дейін мәдениет күндері аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 25-26 тамыз күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға келетіні туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2034039-toqaev-pen-raxmon-sagyn-quramda-kelissoz-zurgizdi/