"Тарихтағы алғашқы сапар": Тоқаев шақыруын қабыл алған Албания президентіне алғысын айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Албания президенті Байрам Бегаймен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Кездесуде мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін Албания президентіне алғыс айтты.
"Бұл – тарихтағы Албания президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымқатастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті.
Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар", – дейді президент.
Өз кезегінде Байрам Бегай Астанаға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
"Қазақстанға сапармен келгенім үшін өте қуаныштымын. Арнайы шақырғаныңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланыстарымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын", – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Албания президенті Байрам Бегай Қазақстанға ресми сапармен келді. Кейін оны Ақордада салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035671-toqaev-pen-bairam-begai-sagyn-quramda-kelissoz-zurgizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.