Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев "Қазақтелеком" төрағасына байланыс сапасына қатысты проблемаларды шешуді тапсырды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қуанышбек Есекеевпен кездесу
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қуанышбек Есекеевпен кездесу. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Қуанышбек Есекеев президентке "Қазақтелеком" компаниялар тобының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған қызметінің негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері туралы есеп берген.

Оның айтуынша, еліміздің телекоммуникация саласындағы ірі операторының былтырғы осы кезеңмен салыстырғандағы табысы 10 пайызға, ал таза пайдасы 16 пайызға өскен. 5G желісін құру – "Қазақтелеком" үшін басымдықтардың бірі саналады.

Бұл бастама аясында 2027 жылға қарай бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам базалық станция салынуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін бесінші буын желісінің 782 базалық станциясын салу жоспарланып отыр.

"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында компания 1200-ге жуық ауылды оптикалық технологиялар арқылы интернет желісіне қосуды және республикалық автожолдарды LTE технологиясы бойынша сапалы интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Бұдан бөлек Қуанышбек Есекеев мемлекет басшысына Әзербайжанмен бірлескен жоба аясында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық желі салу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндаған.

Кездесу барысында президент "Қазақтелекомға" байланыс сапасына қатысты проблемаларды шешу және Қазақстан қалаларындағы кең жолақты интернет желісімен қамтылмаған аймақтардың мәселесін тезірек ретке келтіру міндетін жүктеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлердегі халықтың қала тұрғындары сияқты заманауи цифрлық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізуге тиіс екенін атап өткен. Осыған байланысты компанияға тиісті инфрақұрылым құрылысының қарқынын арттыруды тапсырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035899-toqaev-qazaqtelekomga-bailanys-sapasyna-qatysty-maselelerdi-sesudi-tapsyrdy/

pixel