Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Германияның автокөлік өндіретін жетекші компанияларының басшысымен кездесті

Опубликовано:

Mercedes-Benz Group компаниясы басқарма төрағасы Ола Каллениус пен Қасым-Жомарт Тоқаев
Mercedes-Benz Group компаниясы басқарма төрағасы Ола Каллениус пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Mercedes-Benz Group компаниясының басқарма төрағасы Ола Каллениуспен кездесті. Сондай-ақ мемлекет басшысы Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесуде автокөлік индустриясы және инновациялық шешімдер салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Президент Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға және өнеркәсіп өндірісін дамытуға ұмтылатынын атап өтті. Бұл стратегияда машина жасау саласы ерекше орын алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда елімізде General Electric, General Motors, Chevrolet, Kia және Hyundai секілді танымал әлемдік компаниялар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Былтыр Қазақстанда өндірілген автомобиль саны 100 мыңнан асып, 28 пайызға ұлғайған. Экспорт екі есе өсіп, 3,8 миллиард долларға жеткен.

Неміс автоконцернінің басшысы Президентке компанияның жаһандық жеткізу тізбегін дамыту ісіндегі тың тәсілдер және Қазақстан экономикасы үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.

Mercedes-Benz Group – әлемдегі автокөлік өндіретін жетекші компаниялардың бірі. 2022 жылы компания 2,5 миллионға жуық автомобиль құрастырып шығарған. Былтыр Mercedes-Benz Group әлемдегі ең ірі компаниялардың Forbes Global 2000 тізімінде 41-орынға, ал Fortune Global 500 тізімінде 38-орынға ие болған.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады.

Linde GmbH компаниясының Таяу Шығыс, Еуропа және Африка бойынша аға вице-президенті Оливер Пфаннмен әңгімелесу барысында газ және инженерлік технология салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мен Linde GmbH арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптады. Бұл келісім бойынша еліміздің мұнай-газ химиясы саласында қазіргі және келешектегі жобаларды іске асыру көзделген.

Бұған дейін қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Linde компаниясы өз технологиясы негізінде полиэтилен өндірісінде қолданылатын этанды ыдырату (крекинг) және ауаны бөлу (азот, техникалық ауа) қондырғыларының кеңейтілген базалық жобасын әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар Президентке қуаты жылына 1,3 миллион тонна болатын карбамид өндірісіне қатысты жобаға компанияның бірлесе инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғаны айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өндірістің мұнай химиясы өнеркәсібін дамытуға ғана емес, ауыл шаруашылығы үшін де маңызы зор екенін, әсіресе өндірілетін тыңайтқыштың күріш пен дәнді дақылдарды өсіру кезінде кеңінен қолданылатынын атап өтті.

Өз кезегінде Оливер Пфанн аймақтық нарықтың келешегі зор екеніне назар аударып, Linde компаниясы Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласында инновациялық және орнықты шешімдерді іске асыру үшін ұзақмерзімді әрі табысты ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.

Linde GmbH – машина жасау, сондай-ақ өнеркәсіп газдарын жобалау және өндіру саласындағы жетекші әлемдік компания. Былтыр компанияның жылдық айналымы 33,36 миллиард еуроны құрады. Компанияның дүниежүзіндегі кәсіпорындарында 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2038836-toqaev-germaniyanyn-avtokolik-ondiretin-zeteksi-kompaniyalarynyn-bassysymen-kezdesti/

pixel