Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет": Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевт республикалық педагогтер съезінде баяндама жасап, ұстаздарды мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"Баршаңызды Республикалық педагогтер съезінің ашылуымен құттықтаймын. Ұстаздар күні құтты болсын! Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет.

Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты.

Ахмет Байтұрсынұлы "Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек" деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет", - деді президент.

Мемлекет басшысы жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейіп, ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылғанын атап өтті.

"Менің бастамаммен 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды.

Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. "Болашақ" бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді.

Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз", - деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететінін сөз етті.

"Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет.

Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2039663-bul-salaga-tubegeili-zana-kozqaras-qazet-toqaev-ustazdardy-kasibi-merekesimen-quttyqtady/

pixel