Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді

Опубликовано:

Мұғалім
Мұғалім. Көрнекі фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыруды ұсынды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Тоқаев білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталып өтті.

Оның сөзінше, Қазақстанда ұстаздардың біліктілігін арттыру керек.

"Мағжан Жұмабаев "Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі" деген. Халқымыз келешектің кілті – білімде екенін терең түсінген. Сол себепті, ұстазды ерекше қадірлеген", – деді мемлекет басшысы.

Президент педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын екенін, білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, еліміздегі мектептерде мамандар тапшы.

"Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар.

Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет", – дейді ол.

Сондай-ақ Тоқаев жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән берілетінін атап өтті.

"Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет.

Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазір таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады. Жалпы, педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керектігін айтты.

"Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тосқауыл қою қажет. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы.

Педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек", – деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2039665-toqaev-buginde-elimizde-5-myn-pedagog-zetispeidi/

pixel