Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаңыздың қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер": президент ата-аналарға үндеу жасады

Опубликовано:

Касым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылар арасындағы әлім-жеттікті тоқтатуды, балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға қарсы жазаны қатаңдатуды ұсынды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады", - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, жуырда Астанадағы мектептердің бірінде болған оқыс оқиға қауіпсіздік талаптарының толық сақталмайтынын көрсетіп отыр.

"Жақында Астанадағы мектептердің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс", - деді ол.

Сондай-ақ мемлекет басшысы оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсету мәселесіне тоқталып, буллингке тосқауыл қою керектігін атап өтті.

"Өкінішке қарай оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін баруда.

Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады.

Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет", - деді ол.

Оған қоса Тоқаев балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге қарсы жазаны қатаңдату керектігін айтты.

"Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады.

Мен президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ.

Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс", - деді президент.

Ол бала құқықтары жөніндегі омбудсменге мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, өзіне баяндап тұруды тапсырды және қатаң шара қолданылатынын айтты.

"Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек.

Сондықтан осы жиынға Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақырдым. Тапсырманың орындалуын талап етеміз", - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырды.

"Бұл бастама жақын арада жүзеге асады. Жалпы, балаға психологиялық қысым жасалмауына, ең алдымен, ата-ана жете көңіл бөлуі керек. Ондай оқиға болса, мектептегі медиация қызметі мұғалімге және ата-анаға ескертіп, кәсіби медиаторлармен бірге балаға барынша көмек беруге тиіс...

Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.

Алдағы уақытта заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін мектеп тәртібін бұзушыларға алдын алу шараларын қазір қолданған жөн", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2039672-balanyzdyn-qogamdyq-tartipti-buzuyna-erik-bermenizder-prezident-ata-analarga-undeu-zasady/

pixel