Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке бірқатар тапсырма берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ержан Сәденов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ержан Сәденов. Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесу барысында Ержан Сәденов президентке кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау және мал ұрлығына қатысты қылмыстар санының айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткен, алдын алу шаралары туралы мәлімет берген.

ІІМ басшысы көшелердегі қауіпсіздік деңгейінің артқанын да атап өткен.

Сонымен қатар министр президентке құқық бұзушылықтарға "мүлде төзбеушілік" және жазаның бұлтартпастығы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған.

Ержан Сәденовтің айтуынша, жыл басынан бері ауыспалы нөмірлерден шалынған 37 миллион қоңырау бұғатталып, заңға қайшы контенті бар 16 мың сайт анықталған.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі мемлекет басшысына Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берген. Министрдің мәліметінше, 31 тоннадан астам есірткі және 79 тонна прекурсор тәркіленіп, 39 есірткі зертханасы жойылған.

Кездесуде Ержан Сәденов президентке қылмыстық-атқару жүйесі мен Ұлттық ұлан қызметінің қазіргі жай-күйі туралы да баяндаған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2040208-zanga-qaisy-kontenti-bar-16-myn-sait-anyqtalgan-toqaevqa-iski-ister-ministri-erzan-sadenov-esep-berdi/

pixel