Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"217 млрд теңге болатын активтер қайтарылды": Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы президентке есеп берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жанат Элиманов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жанат Элиманов. Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесу барысында Жанат Элиманов мемлекет басшысына Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақытқа арналған жоспары туралы баяндаған.

Элимановтың мәліметінше, жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылған, көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеген. Сонымен қатар құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданған, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылған.

Агенттік төрағасының айтуынша, бұл жұмыс азаматтарды, әсіресе жастарды, есірткіні онлайн сатып алудан сақтайды.

Сондай-ақ Жанат Элимановтың сөзінше, есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған. Криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған. Крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген. Заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан.

Бұдан бөлек, Қазақстанда алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынған.

Оған қоса, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуды көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған. Экономикалық құқық бұзушылықтардың кейбір белгілері бойынша қылмыстық қудалауды жеңілдету (декриминализация) туралы ұсыныстар енгізілген. Бұл кәсіпкерлерді қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элимановқа агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берген. Мемлекет басшысы адал бизнесті қорғау, қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2040232-toqaev-qarzylyq-monitoring-agenttigi-qyzmetinin-negizgi-bagyttary-boiynsa-birqatar-naqty-tapsyrma-berdi/

pixel