Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Опубликовано:

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы. Фото: aqorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе талқыланған.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин сөз сөйлеген. Сондай-ақ қабылданған және жоспарланған шаралар туралы бірқатар уәкілетті мемлекеттік орган басшылары есеп берген.

Талқылау нәтижесі бойынша мемлекет басшысы халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін негізгі басымдық ретінде атап өткен.

Азық-түлік тауарларын өндіру мен сатудың барлық сатысында баға белгілеудің ашық болуы, өнімсіз делдалдармен күрес жүргізудің маңызды екеніне назар аударылған.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы. Фото: aqorda.kz

Демографиялық үрдістерді ескере отырып, азық-түліктің физикалық тұрғыда қолжетімділігінің перспективалары еңбек өнімділігінің өсуіне, ауыл шаруашылығы мен отандық аграрлық ғылымның жаңғыруына тікелей байланысты екені атап өтілген.

Жерді тозудан қорғау шараларын жандандыру өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту процесін жүйелі түрде ұйымдастыру және жергілікті жағдайға бейімделген меншікті тұқым қорын құру үшін жаңа тәсілдер қажет.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылған. 

"Субсидиялау агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті арттыруға ықпал етуге тиіс. Субсидияны бөлу кезінде өңірлік ерекшеліктерді, егіс алқаптарының көлемін және ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауды ескерген жөн", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар президент азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатын шаруалар мен кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуді талап ететін экономикалық конъюнктураны өзгертуге жедел назар аудару қажеттігіне назар аударған.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы. Фото: aqorda.kz

Ауыл шаруашылығы өндірісіне инфрақұрылым тұрғысынан қолдау көрсету ісі (ауылда жұмыс орнын ашу, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру) арнайы мәселе ретінде қарастырылған. 

Бұл ретте құқық қорғау органдарына ауыл шаруашылығы мақсатына арналған субсидиялар мен жерлерді бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жалғастыру тапсырылған.

Мемлекет басшысы жиын соңында үкімет пен уәкілетті органдарға азық-түлік тәуелсіздігін нығайту, азық-түліктің экономикалық тұрғыда қолжетімді болуын арттыру және отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін анағұрлым толық іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берген. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2040601-toqaev-qauipsizdik-kenesinin-otyrysyn-otkizdi/

pixel