Тоқаев үкіметке жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқев үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Президент Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумындағы баяндамасында цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытудың маңызы туралы айтты.
"Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс.
Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады.
"Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің "қорегі", қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды", - дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.
"Бұл жерде ақпараттың "ашықтық презумпциясын" басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын.
Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс", - дейді мемлекет басшысы.
Президент бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыздың Қазақстанда және әлемде сұранысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2040674-toqaev-ukimetke-eki-zyl-isinde-zasandy-intellektige-mamandangan-data-ortalyqtardyn-qurylysyn-zurgizudi-tapsyrdy/