Елімізде активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды
Жарияланған күні:
Президенттің биыл 5 қазандағы жарлығымен Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылды, деп хабарлайды Бас прокуратура ресми сайтында.
"Жаңа ведомство "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
Комитеттің міндеттері активтерді іздеу және қайтару, осы саладағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою болып айқындалды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ комитет елдің премьер-министрі басқаратын заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы да болып саналады.
"Қойылған міндеттерді орындау үшін, оның ішінде мүліктің шығу көздерінің заңдылығын анықтау мақсатында комитет активтер мен олардың иелері туралы барлық қажетті ақпаратты сұратуға және алуға, сонымен қатар ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды тартуға құқылы", - деп атап өтті ведомстводан.
Бас прокуратураның мәліметінше, комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді.
Ведомство, сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерді тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және тәркілеу туралы сұрау салулар жіберуге, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы қазақстандық және шетелдік соттарға талап қоюлар беруге, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға уәкілетті.
"Комитет активтерді қайтару мәселелері бойынша Қазақстанның шетелдегі мүдделерін білдіретін, халықаралық тәжірибені зерделейтін, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты жыл сайын жариялайтын, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын болады.
Ұйымдастыру мәселелерін шешумен бірге ведомство негізгі қызметтік міндеттерді орындауға кірісті", - деп хабардар етті Бас прокуратура.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2040709-elimizde-aktivterdi-qaitaru-zonindegi-komiteti-quryldy/