Ұлытау облысында кремний зауыты салынады
Жарияланған күні:
Ұлытау облысының Ұлытау ауданы Жезді кентінде кремний зауыты салынады. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекеті арасындағы іскерлік байланыс негізінде жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта қытайлық инвесторлар кенді өлкеге келді.
Академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен Ұлы Отан соғысы жылдары марганец кен орнын жедел игеру қажеттілігіне байланысты іргесі қаланған Жезді кенті аудан орталығы да болған еді. Жезді ауданының таратылуына байланысты өнеркәсібі тұралап қалған кентте кремний зауытының салынуы өлке экономикасының жаңа тынысын ашқандай болды.
Зауыт салу идеясы ауыл ақсақалдарымен бірге қоғамдық тыңдауда талқыланды. Оған жергілікті билік өкілдері мен "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Аманбек Сүлейменов, жаңадан ашылатын "Ұлытау кремний" ЖШС директоры Ғалымжан Даржанов, сонымен қатар серіктестіктің инженер-технологы Шао Ханминг мен қаржылық директоры Ми Ронг та қатысты.
"Бұл кәсіпорын Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа жоба болады және өндіріс орнының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады деп сенім білдіріп отырмыз. Жаңа зауыттың құрылысын бастауға рұқсатты халық береді. Біз сіздердің келісімдеріңізге байланысты әрекет ететін боламыз", – деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек өз сөзінде.
Зауыт жобасын кент тұрғындары бір ауыздан қолдады. Тек экологиялық проблемалар тудырмауына баса назар аударуды сұрады. Инвесторлардың сөзінше, жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Өйткені зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Өндіріс қалдықтарын іске асыру үшін болашақта цемент, кірпіш зауытын салу да жоспарда бар екен.
"Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Оның 80 пайызын біз, 20 пайызын Қытайдан келген серіктестеріміз береді деп жоспарлануда. Мақсатымыз – осы аймақта кремний зауытын салу. Жылына 15 мың тонна өнім өндірмекпіз. Кремнийді шикізат күйінде өндіріп, оны дайын өнім күйінде шығарғымыз келеді", – дейді "Ұлытау кремний" ЖШС директоры Ғалымжан Даржанов.
Жиында аспанасты елінен келген инженер-технолог Шао Ханминг зауыт салуға рұқсат берілсе, онда 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты.
"Қытайдан 40-қа жуық маман шақыртамыз, 160 орын жергілікті тұрғындарға беріледі. Қытайлық мамандар жаңа технологияны үйрету мақсатымен келеді. Зауыттың арнайы кеңсесі мен қызметкерлерге арналған жатақханасын да салу жоспарда бар", – деді Шао Ханминг.
Аудан прокуроры Рахымжан Көшкінбайұлы өз кезегінде екі ел азаматтарының жалақысын тең болуы керектігін және зауыт құрылысының заң шеңберінде жүзеге асуын қадағалайтынын жеткізді. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова шетел азаматтарының Қазақстанда жұмыс істеуі үшін Үкімет тарапынан арнайы квота бөлінетінін, оны алу біршама уақытты қажет ететін жұмыс екенін айтты.
Жезді кентіндегі жаңа зауыттың құрылысы келер жылы аяқталып, 2024 жылдың 1 тамызында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042159-ulytau-oblysynda-kremnii-zauyty-salynady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.