Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесті

Опубликовано:

Тедрос Гебрейесус пен Қасым-Жомарт Тоқаев
Тедрос Гебрейесус пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесусты және ұйымның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгені қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Астанада өтіп жатқан Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция аясындағы кездесу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланған.

Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, еліміз ең маңызды ұйымның бірі саналатын ДДСҰ-мен халықаралық деңгейде нәтижелі қарым-қатынас жасап отырғанын атап өткен.

"Еліміз әрқашан сіздің қызметіңіздің табысты болуына септігін тигізеді. Қазіргідей күрделі жағдайда ДДСҰ-ны басқару өте қиын екенін білемін. Бұл – нағыз сынақ. Сізге әлемдегі көптеген ел мен делегаттардың түрлі пікірлеріне құлақ асып, тиімді шешім табуға және мәміле жасауға тура келеді. Сізге табыс тілеймін. Біз өз тарапымыздан сізге әрдайым көмектесеміз және қолдау көрсетеміз", – дейді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Гебрейесус пен Ханс Клюгені қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Гебрейесус пен Ханс Клюгені қабылдады. Фото: aqorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейін аталған саланы қалыпқа келтіру, халық денсаулығын сақтау ісіндегі негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға Қазақстанның белсенді түрде кіріскеніне назар аударған.

Бұл ретте президент ДДСҰ жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан тиісті бастамаларға толық қолдау көрсетуге еліміздің дайын екенін нақтылаған.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, соның ішінде халықты денсаулық сақтау қызметімен толық қамтуға, ана мен бала өлімінің деңгейін төмендетуге, сондай-ақ туберкулез эпидемиясын толықтай жоюға ниетті.

Өз кезегінде ДДСҰ Бас директоры Алматы және Астана декларацияларының қабылдануы ұйым мен жеке өзі үшін ерекше маңызды екенін атап өткен. Өйткені ол Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған кезінде, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту мәселесімен мақсатты түрде айналысқан.

Тедрос Гебрейесус пен Ханс Клюге
Тедрос Гебрейесус пен Ханс Клюге. Фото: aqorda.kz

Бұдан бөлек, кездесуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық, Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру мәселелері талқыланған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық конференцияны ұйымдастыруға атсалысқаны және осы маңызды шараға қатысқаны үшін Тедрос Адханом Гебрейесус пен Ханс Клюгеге алғыс айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042188-toqaev-ddsu-bas-direktory-tedros-gebreiesusty-qabyldady/

pixel