Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәдина Әбілқасымова Тоқаевқа халықтың тым көп несие алуын төмендетуге бағытталған шаралар туралы айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәдина Әбілқасымова
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәдина Әбілқасымова. Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесуде Мәдина Әбілқасымова президентке қаржы нарығындағы жағдай, экономиканың нақты секторына берілетін кредит көлемін кеңейту және халықтың тым көп несие алуын төмендетуге бағытталған шаралар туралы баяндаған.

Сондай-ақ агенттік төрағасы банк акционерлерінің жауапкершілігін қатаңдату үшін төлем қабілеті төмен банктердің жұмысын реттеуге және мемлекеттік қолдауды шектеуге қатысты заң жобасының әзірленіп жатқаны жөнінде мәлімет берген.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдауды толық өтемейінше, банк басшыларына дивидендтер мен бонустар төлеуге заң жүзінде тыйым салатын өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, банк секторында тұрақтылық пен барлық қаржы көрсеткішінде өсім байқалады.

Мәселен, жыл басынан бері банктердің активтері 4,8 пайызға, яғни 46,7 триллион теңгеге дейін өскен. Экономиканы кредиттеу 11,5 пайызға немесе 25,4 триллион теңгеге дейін, соның ішінде шағын және орта бизнеске берілген кредиттер 9,0 пайызға немесе 6,6 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Президенттің бизнесті кредиттеуді ынталандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында банктердің капиталына, өтімділігі мен кепіл саясатына, сондай-ақ шетелдік еншілес банктердің кредиттік белсенділігін арттыруға қатысты жаңа пруденциалды шаралар әзірленген.

Агенттік төрағасы шетелдік инвесторлар еліміздің банк секторына кіруі үшін талаптарды оңтайландыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова мемлекет басшысына агенттік цифрлық платформалар арқылы стрессті активтерді сату, халықтың тым көп несие алуын төмендету, барлық микрокредит бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеу, коллекторлық қызметке қойылатын талаптарды қатаңдату, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобаларын әзірлеп, парламенттің қарауына енгізгені туралы айтқан.

Бұдан бөлек, қадағалау қызметі аясында жүргізілген тексерулерден кейін 29 микроқаржы ұйымының және 14 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылғанын, оларға 90 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 105,3 миллион теңге болатын 338 айыппұл салынғанын мәлім еткен.

Кездесу соңында президент агенттікке қаржы тұрақтылығын сақтау, халықтың тым көп несие алуын төмендету және қаржылық қызмет тұтынушыларын қорғауды күшейту, бизнес субъектілерін кредиттеу ісін ынталандыру жөнінде бірқатар міндет жүктеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042223-toqaev-qarzy-narygyn-retteu-zane-damytu-agenttiginin-toragasy-madina-abilqasymovany-qabyldady/

pixel