Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Республика күнін еліміздің басты мейрамы деп атады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Республика күнін еліміздің басты мейрамы деп атап, мерекемен құттықтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegeram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын!

Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн.

Халқымызда "Егемен болмай, ел болмас" деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты", - дейді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, шын мәнінде, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпаған.

"Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі парламентте, яғни Жоғарғы кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді.

Әлихан Бөкейхан "Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана" деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде біздің мемлекеттілігіміз қарқынды дамыған егемен республиканың өркениетті әрі құқықтық сипатына ие болды.

"Қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, жан-жақты нығайту – бәріміздің ортақ міндетіміз, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы перзенттік парызымыз.

Біз Республика күнінің мән-маңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіруіміз керек", - дейді президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек екенін атап өтті.

"Патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн.

Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!", - дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042339-toqaev-respublika-kunin-elimizdin-basty-meiramy-dep-atady/

pixel