Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев азаматтардың арасына іріткі салатын сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қойылатынын айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қойылатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Telegram-дағы Ақорданың ресми арнасына сілтеме жасап.

"Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды.

Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Еліміз өктемдік пен өшпенділікке, қоғамдық тәртіпті аяқ асты етуге, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға жол бермейді.

Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қояды. Бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады.

Мұны бәрін, әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042341-toqaev-el-aldynda-zurgen-zane-xalyqqa-sozi-otimdi-azamattarga-eskertu-zasady/

pixel