Қараша айының басында елімізге Франция президенті мен Венгрия премьер-министрі ресми сапармен келеді
Жарияланған күні:
Қараша айының басында елімізге Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
Сонымен қатар 2 қарашада Астана қаласына Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапармен келмек.
Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүргізеді деп жоспарланып отыр.
3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді.
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер - Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады деп күтілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042583-qarasa-aiynyn-basynda-elimizge-qai-memlekettin-bassylary-resmi-saparmen-keledi/