Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары су қауіпсіздігі мәселесін талқылады

Опубликовано:

Ерлан Қошанов пен Нуриддин Исмоилов құжатқа қол қоюда
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Өзбекстан Республикасына барды. Ташкентте Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтті.

Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы шешім Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Астанаға мемлекеттік сапары барысында қабылданған еді. Бұл – екі ел парламенттері арасындағы өзара ықпалдастықтың тың және жетілдірілген форматы.

– Біздің президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің жеке келісімдерінің арқасында екі елдің ынтымақтастығы одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Ал мемлекет басшылары барлық келісімнің жоғары деңгейде уақтылы әрі дұрыс орындалуына парламенттік бақылау жасауды Парламентаралық ынтымақтастық кеңесіне жүктеді, – деді Мәжіліс спикері.

Қазақстан және Өзбекстан тарапы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Отырыс барысында екі ел депутаттары сауда-экономикалық, көлік, аграрлық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты және су дипломатиясы мәселелерін талқылады.

Ерлан Қошанов Өзбекстан Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Орталық Азия елдерімен тауар айналымы жалпы көлемінің 62,5 пайыздан астамы осы елге тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық рекордтық 5 млрд АҚШ долларына жетті. Екі ел үкіметтерінің алдында бұл көрсеткішті 10 млрд долларға дейін арттыру міндеті тұр.

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы – келешегі зор бірлескен жобалардың бірі. Оны өңірдегі ірі сауда-өнеркәсіптік хабқа айналдыру көзделіп отыр.

Ерлан Қошанов пен Нуриддин Исмоилов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сондай-ақ Қазақстан парламентшілері Өзбекстанның «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолын және «Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» мультимодальді дәлізін салу арқылы трансауған дәлізін дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы үкіметаралық келісімді келісу рәсімін және Орталық Азия елдерінің халықаралық су-энергетика консорциумын құру мүмкіндігін талқылау болды.

Кездесу қорытындысы бойынша делегация басшылары Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесі туралы ережеге қол қойды. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі жылына кемінде бір рет тұрақты түрде өткізіліп отырады.

Қазақстан және Өзбекстан тарапы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сапар аясында Мәжіліс төрағасы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елдегі іргелі өзгерістер туралы айтты. Мәжіліс спикері Өзбекстан басшысына Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындылары мен екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-әрекеттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиында Қазақстан Президентінің халыққа арнаған ауқымды идеологиялық үндеуіне ерекше назар аударды. Онда мемлекеттің жүріп өткен жолына объективті де тарихи баға берілді.

– Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңін өткеруде. Оның діңгегі – заң және құқық үстемдігі. Президентіміз ұстанып отырған басты басымдық – ішкі саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті сақтау. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың маңызды мақсаты – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру. Біз сындарлы сыртқы саясатқа баса мән береміз. Онда Өзбекстанмен одақтастық қатынастарға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жайт өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтады, – деді Мәжіліс спикері.

Қазақстан және Өзбекстан тарапы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сондай-ақ Өзбекстан Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен және Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен кездесулер өтті. Онда тараптар комитеттердегі, достық топтарындағы және басқа да алаңдардағы парламентаралық қатынастардың келешегін талқылады. Қазіргі уақытта Олий Мәжіліс депутаттары ел заңнамасын жаңа Конституцияға сәйкестендірумен айналысып жатыр. Бұл орайда Ерлан Қошанов Қазақстанның тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Сапар аясында Мәжіліс делегациясы Ташкент пен Самарқандтағы көрнекті тарихи орындарды аралады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2042691-qazaqstan-men-ozbekstan-deputattary-su-qauipsizdigi-maselesin-talqylady/