Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның төлем балансы: төлем балансын білу неліктен маңызды

Жарияланған күні:

Жүк контейнерлері
Көрнекі фото: pixabay.com

Экономикада «төлем балансы» деген ұғым бар. Қарапайым жұрт оның мәнін түсіне бермеуі мүмкін. Алайда біле жүрген абзал.

Қатардағы азаматқа қаржы саласында, экономикада «несие», «депозит», «процент» деген ұғымдар ғана жақсы таныс. Қалғанына терең үңіле бермеуі мүмкін. Өйткені күнделікті өмірде ол терминдер кезіге бермейді.

Бірақ қаржылық сауат тұрғысынан алып қарасақ, «төлем балансының» не екенін білуіміз тиіс. Себебі бұл ақпарат теңге бағамын алдын ала болжап отыруға көмектеседі.

Төлем балансы - негізінен Қазақстан мен басқа елдер арасындағы экономикалық операциялар, яғни ақша ағынының көрсеткіші. Біз басқа елге қанша ақша жібердік, ал басқа елден бізге қанша келді. Осының бәрі белгілі бір уақыт аралығына есептеледі. Мәселен, айлық баланс, тоқсандық баланс, жылдық баланс деп топтастырылған. Осы балансты есептеудің халықаралық әдісі бар. Оны Халықаралық Валюта Қоры бекітіп, жаңалап отырады. Төлем балансының операцияларын мамандар бекітілген әдіс бойынша үш санатқа бөліп қарастырады. Олар: ағымдағы шот, капиталмен операциялар шоты және қаржылық шот.

Төлем балансының негізгі міндетімен таныстық. Ал ол теңгеге қалай әсер етеді? Ендігі кезекте осыны анықтап көрейік.

Төлем балансының ішінде сауда балансы да кіреді. Сауда балансы - Қазақстанның сыртқа шығарып сатқан тауарларының құны мен еліміз сырттан сатып алған тауарлар құны арасындағы көрсеткіш. Егер біздің экспорттан тапқан ақшамыз импорттан тапқан ақшадан артық болса, онда сауда балансы біз үшін жағымды болады. Мысалы, 2022 жылы біз 36,3 миллиард долларлық жағымды сауда балансына қол жеткіздік.

Дегенмен, Ұлттық Банктің болжауынша, 2025 жылдарға қарай төлем балансы профициттен дефицитке ауыса бастамақ.

Ал енді осының теңге бағамына әсері қандай? Экспорттан доллар бізге келеді, оны компаниялар жалақы, салық төлеу үшін биржада теңгеге айырбастайды. Ал импортер компаниялар тиісінше биржадан теңгеге доллар сатып алып, оны сырттан тауар алуға жұмсайды. Қазақстан қор биржасында теңге бағамы ұсыныс/сұраныс арқылы құрылатындықтан, егер долларға сұраныс көп болса, онда доллар қымбаттап, теңгенің курсы түсіп кетер еді. Жағымды сауда балансы кезінде теңгеге сұраныс көбірек болады да, оның бағамы да жоғары деңгейде болады.

Экономист мамандар сол себепті сауда балансындағы дефицитті «теңгеге жасалған қысым факторы» деп бағалап жатады. Ұзақмерзімді сараптама жасағанда, мұнай бағасы барреліне 85 доллардан асатын кездерде біздің сауда балансымыз жағымды болады. Ал мұнай құны одан түсіп кетсе, бірден экспорттың сомалық мөлшері импорттан ұтыла бастайды. Яғни, теңге де арзандайды.

Сондықтан, ертеңгі теңге бағамын болжау қажет болса, мұнайдың бүгінгі бағасына қараңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2043188-qazaqstannyn-tolem-balansy-tolem-balansyn-bilu-nelikten-manyzdy/