Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат бас прокурордан "Ескі Қазақстан" билігін әшкерелейтін сұхбаттарға назар аударуды сұрады

Опубликовано:

Депутат Абзал Құспан
Депутат Абзал Құспан. Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елдегі әшкерелейтін даулы сұхбаттарға байланысты іс қозғауды талап етіп, бас прокурор Берік Асыловтың атына сауалхат жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Депутат уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттар шыққанын айтады.

"Қоғамда ескі Қазақстанда орын алған коррупция, белгілі бір саяси топтың мүддесі үшін қабылданған шешімдердің бар екендігі жасырын емес. Соңғы уақыттарда, аталған мәселелер бойынша ірі саяси қызметте болған азаматтардың әртүрлі әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқыға түсуде. Мысалы, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Амангелді Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбаттар берді. Бұрынғы төраға, генерал-лейтенант Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдар бар", - дейді ол.

Абзал Құспанн тіпті нақты фамилияларды атаған. Оның сөзінше, бұрын ел билігінде болғандардың сұхбатында нақты дәлелдер келтірілген.

"Ол кісі әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі. Жер-қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар Жәкішев, тағы да басқа бірқатар азаматтың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға Қазақстан халқына тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілуі туралы нақты айтылған. Аталған азаматтардың сұхбаттары миллиондаған көрілім мен мыңдаған пікір жинағанын бәріміз көріп, байқап отырмыз. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды. Бірде бір мәселе көтерілмейді", - дейді депутат.

Алайда депутаттың айтуынша, қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекстің 180-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға, қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар негіз болып табылатыны анық-қанық көрсетілген.

"Жоғарыда аттары аталған азаматтарың саяси қызметте болғанын білеміз, олардың мәлімдемелерінің негізі бар деп есептеуге болады. Тіпті олай болмаған жағдайдың өзінде де, ақпарат 180-баптың талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тіркеліміне тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп оның нәтижесі халыққа хабардар болуы керек деп білемін. Себебі, БАҚ-та жарияланған қылмыс туралы ақпараттарды СДТБТ-ға тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма. Осындай ашық ақпараттарды Бас прокуратура құқық қорғау органдарынан уақтылы тексеруді талап етпеуі, ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің тарауына себеп ", - дейді депутат.

Депутат осы айтылғандарды ескере отырып, Бас прокуратура - заңдылықтың орындалуын қадағалайтын Конституциялық орган ретінде, қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беруі, дәлелдер мен дәйектер жеткілікті болған жағдайда, қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтасыз етуі керегін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2044729-deputat-bas-prokurordan-eski-qazaqstan-biligin-askereleitin-suxbattarga-nazar-audarudy-surady/

pixel