Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АЭС: дәйек пен қазіргі замандағы қате түсініктер

Опубликовано:

Балқаш Көлі
Фото: depositphotos.com

Атом энергетикасы – бұл қазіргі жаңа заманда өмір сүріп жатсақ та бәрібір ескі түсініктің елесінен шыға алмай, әрдайым талас тудыруға себепші бола беретін тақырыптың бірі. Әсіресе, посткеңестік шеңберден шыққан жүйеде тіпті өзекті. Мұнда енді атом электр станциясына (АЭС) қатысты қоғам санасының түбіне дейін әбден сіңіп қалған сан түрлі миф пен жалған деректер жетіп артылады.

Атом электр станциясы төңірегінде кең тараған аңыздың бірі, әрине, бұл – егер оны салсақ түбі бір ірі ядролық апаттың болатындығы. Бірақ фактілер оған кереғар. Қазір атом электр станцияларында қолданылатын заманауи реакторлар көпсатылы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған және Чернобыль, Фукусима сияқты апаттардың тәжірибесін ескере отырып жасақталған станциялар екенін ескерген дұрыс. Қолданыстағы технологиялары мен қауіпсіздік талаптары айтарлықтай жақсартылған. Сондықтан қазір АЭС энергия көзін алудағы ең қауіпсіз әдіс болып табылады.

Халықаралық атом энергетикасы және өнеркәсіп ардагерлері одағы төрағасының орынбасары Игорь Куляшовтың айтуынша, атом электр станцияларына деген сенімсіздікті тудырған аңыздың бірі, соның ішінде Ресейге қатыстысы - Чернобыль апатынан кейін шыққан. Бірақ маман онда РБМК деп аталатын реактордың бүгінде мүлдем пайдаланылмайтын түрі болғанын айтады. Қазір барлық жерде қауіпсіздік деңгейі жоғары, тиімділігі және заманауи технологиялық шешімдерімен ерекшеленетін 3+ буынды инновациялық реакторлары қолданылады.

Сонымен, 3 + буынды реакторлары алдыңғы қатарлы пассивті салқындату жүйелерімен жабдықталған. Бұл электр қуаты өшкен жағдада да бірқалыпты температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде апаттың болу қауіпін сейілтіп, құрылырғының қалыпты жұмыс істеуіне кепілдік береді. Бұдан бөлек, раекторлар заманауи басқару және бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Соның арқасында құрылғы бақыланады және дұрыс жұмыс істейді.

Тұтастай алғанда, 3+ буынды реакторлары сенімді әрі экологиялық таза энергия көзімен қамтамасыз етуге қауқарлы энергетикалық сектордың болашақ үшін жасалып жатқан жақсы қадамы деп айтуға болады.

"Қазір болашақта мұндай апаттар мүмкіндігін болдырмайтындай жағдай жасалған конструкциялар әзірленген. Егер су-сулы реакторларына қатысты айтатын болсақ, ол әлемдегі ең қауіпсіз санаттағы құрылғы. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, соңғы 5 жылда бізде қауіпсіздік тұрғысынан бірде-бір апатты оқиға тіркелген жоқ", - дейді Куляшов.

Сондай-ақ ол су-сулы реакторының жарылу ықтималдығы өте аз, тіпті оның болып қалу мүмкіндігі жерге алып метеорит түседі деген жағдаймен парапар екенін айтады.

Оның пікірімен Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ирина Тәжібаева да толық келіседі.

"Чернобыль мен Фукусима апаты әдетте бұл қауіпсіз емес деген мифтің дәлелі ретінде келтіріледі. Бірақ онда реакторлар басқа болған. Чернобыльде қолданылған РБМК реакторы қазір 3 және 3+ жаңа буынымен толық алмастырылған. РБМК сияқты реакторларымен қазір мүлдем ешбір жерде станция салынбайды", - дейді Тәжібаева.

Маманның айтуынша, атом электр станциясындағы апаттардың басты себебі - адами фактор. Бірақ қазіргі жаңа реакторлар технологиясында бұл фактор мүлдем алынып тасталған.

"Барлық жаңа буынды реакторларды басқаруда тікелей адамның қатысы болмайды. Реактордың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыратын арнайы пассивті тұрақтандыру жүйесі іске қосылған. Фукусимаға келсек, бұл айтқаныммен бүкіл сарапшылар қауымдастығының келісетіні анық, онда жапондық бюрократия дейтін проблема кесірін тигізді. Ол жерде ерікті түрде шешім қабылдауы керек еді. Себебі дизельді генератор болмады, станция қуатсыз қалды. Оған электр энергиясын беруге мүмкін болмайтын еді. Басшылық шешімді ұзақ қабылдады", - деді Тәжібаева.

Тәжібаева келтірген тағы бір миф бұл – АЭС-тен болатын экологиялық қауіпке қатысты.

"Керісінше, атом энергиясы көміртексіз энергия көзі болып табылады. Ешқандай қалдық деген болмайды. Экологиялық таза энергия. Оны Еуропа әлдеқашан мойындады. Мен бұны ойланбай айтып отырған жоқпын", - дейді ол.

Бұған ұқсас пікірді Куляшов та келтіреді. Су-сулы реакторын пайдалану кезінде сумен жабдықтау объектісі көл, өзен немесе теңізге мүлдем зиян келтірмейді.

"Сумен жабдықтау қондырғысы су-сулы реакторы үшін пайдаланатын суды салқындатуға қажет. Су ысыған кезде одан шыққан бу турбинаны айналдырады. Содан кейін салқындатқыштар мұнаралары іске қосылып, қайта кері процесс жүреді. Көлге су кері жібермейді. Себебі бұл жабық кеңістік жүріп жатқан процесс", - дейді сарапшы.

"Қазақстанда кезінде Энергетика министрі болған Владимир Школьникпен бірде сөйлескен едім. Сонда оның айтқан мына бір әңгімесі есімде қатты қалыпты. АЭС құрылысына қарсы шыққан топқа, арасында беделді деген кісілер де бар: "Балаларыңызды қайда демалуға жібересіз? Францияға ма?" деп сұрапты. Онда электр энергиясының 78%-ы АЭС-мен өндіріледі. Ал бізде керісінше ядролық технология жоқ, есесіне көмір мен газ бар. Олай болса, балаларыңызды Екібастұзға демалуға жібермейсіздер ме?! Ауасы таза", - деп айтқанын Куляшов сөзіне мысал ретінде келтірді.

Әдетте атом технологиясына қарсы шығатындар экономикалық және экологиялық жағынан баламалы энергия көздері тиімді ғой деп аргумент келтіріп жатады. Бірақ атом энергетикасымен салыстырғанда күн мен желден энергия алу тұрақсыз әрі құрылысы жағынан да, пайдалану мүмкіндігі жағынан да өте қымбатқа шығатын шаруа екенін ескерген жөн.

"Неге екенін білмеймін, бірақ күн көзінен энергия алу үшін батарея шығару, оны кейін жою өте қауіпті әрі шығыны да шаш етек іс екенін көпшіліктің ескермей жататыны бар. Оған қоса, жаңартылған энергия көздері өнеркәсіпке қажетті электр энергиясын толық бере алмайды. Мұндай ауқымды көлемдегі энергияны тек атом электр станциясы ғана өндіруге қауқарлы. Қазіргі уақытта әлемнің ешбір жерінде баламалы энергия көзі өнеркәсіптің қажеттілігін өтеп те тұрған жоқ. Ары барса шағын бір елді-мекенді немесе қаланың қажеттіліктерін ғана өтей алуы мүмкін. Онда да әрдайым жарықты үнемдеуге тура келеді. Өйткені түнгі мезетте күн көзі жоқ, кейде желдің де соқпайтыны бар. Сондықтан үздіксіз жұмыс істеу үшін алынатын қуатты энергия көзі қажет", - дейді Кулешов.

Мысал ретінде ол Армения тәжірибесін келтіреді. Онда тұтынуға қажетті энергияның 40%-ын АЭС өндіріп тұр. Әрине, егер сол 40% энергия көзі тоқтайтын болса, онда жұрт баяғыша пеш жағып, ағашпен жылынуға көшетіні анық. Сөйтіп, елде энергетикалық кризис орнамақ.

Кезекті мифтің бірі – АЭС-ті өз күшімен басқару қиын, оның құрылысы мен іске қосылып кетуі үшін бәрібір шетелдік мамандарды көптеп тарту керек деген сарында. Бірақ Ұлттық ядролық орталық бас директорының Ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк оған қарсы келтірген дәйекке қарағанда, бұл Қазақстан үшін өзекті мәселе емес – елдің ядролық саласы айтарлықтай кадр тапшылығын тартып отырған жоқ.

"Біз ұзақ уақыттан бері Маңғыстауда БН-350 ядролық реакторын сәтті пайдаландық. Демек, бұл біздегі мамандар мен технологияның қалыпты жағдайда жұмыс істей алатындығының басты дәлелі. Оған қоса, бізде 60-шы жылдары салынған зерттеу мақсатындағы реакторлар бар. Әлі күнге дейін қауіпсіз жағдайда басқарылып, үздіксіз эксперименттер жүргізіп жатыр. Әрине, олардың жабдықталуы қазіргі заманауи атом электр станцияларындай емес әрі қауіпсіздікті жетілдіру жағынан да ескі машиналар. Бірақ біздің мамандар соның өзін жақсылап игеріп, қолданысқа енгізіп, модернизациялау және сипаттамасын жақсарту жағынан сәтті жұмыс істеп келеді", - дейді Витюк.

Осылайша, атом саласында кәсіби мамандарды даярлау мәселесі мүлдем қиындық туғызбайды. Ал АЭС-те жұмыс істейтін персонал құрамына келсек, мұнда жекелеген реактор бойынша қызметтерді атқаратын қалыпты жүйе бар. Оны әлем де әлдеқашан реттеп тастаған. Егер Қазақстанда су-сулы реактор іске қосылатын болса, АЭС-ке қажетті әрбір құрылғымен жеке-жеке жұмыс жүргізе алатын операторлар тобы дайын тұр.

Түйін сөзге келсек, жоғарыдағы сарапшылардың айтқандарын негізге ала отырып, бүгінгі заманға сай атом электр станциялары өнеркәсіп пен халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, экологиялық жағынан да таза, сенімді энергия көзі болып табыла алады. Ал АЭС төңірегінде тараған мына аңыздар әлдеқашан өзектілігін жоғалтқан және қазіргі жаңа буынды станциялардың тәжірибесі қауіпсіздіктің кепілі бола алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2045639-aes-daiek-pen-qazirgi-zamandagy-qate-tusinikter/

pixel