Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыны айналып өтетін жаңа теміржол салынып жатыр

Опубликовано:

Алматыдағы жаңа теміржол құрылысы
Алматыдағы жаңа теміржол құрылысы. Фото: primeminister.kz

Алматы облысында Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды, - деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Үкімет сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр Әлихан Смайылов теміржол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты.

Үкімет сайтындағы ақпарат бойынша, 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 23 млн тоннадан артып, тарихи максимумнан асқан. 2023 жылдың басынан бері аталған көрсеткіш тағы 22 пайызға өсіпті. Мұндай жағдайда негізгі халықаралық бағыттардың қиылысында орналасқан Алматы теміржол торабына жүктеме артып отырғаны айтылады.

Сонымен қатар жобаны іске асыру Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек бек жаңа теміржолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа желі Алматы торабындағы жүктемені 40 пайызға азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады.

Әлихан Смайылов "Алтынкөл-Қорғас" шекаралық өткелі арқылы өтетін теміржол бағыты кейінгі жылдары қарқынды өсім көрсеткенін атап өтті.

"Аталған транзиттік дәлізде Алматы теміржол торабы Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы-2 бағыттары бойынша пойыздардың қозғалысын қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есеге қысқартады", — деді премьер-министр.

Алматыдағы жаңа теміржол құрылысы
Алматыдағы жаңа теміржол құрылысы. Фото: primeminister.kz

Ол жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанның үлесі кемінде 85 пайыз болатынын да айтты. Құрылыс кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

"Шпал, рельстер мен трансформаторлар шығаруды, инертті материалдар, құм және қиыршық тастарды жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады", — деді Әлихан Смайылов.

Жалпы құрылыс процесінде 130 км теміржол төселеді, 3 станса, 13 көпір, 5 т/ж және 1 автокөлік өткелі салынады.

Ресми іс-шарада құрметті теміржолшы, еңбек ардагері Қалтай Сәмбетов сөз сөйледі.

"Жетіген – Қазыбек бек бекеттерінің арасында теміржолшылар көптен күткен жол құрылысы басталды. Бұл жолдың маңызы зор, өйткені ол ел экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне ықпал етеді. Аталған теміржол бағыты Қазақстан мен Қытай, Орталық Азия мен Ресей арасындағы транзиттік мүмкіндіктерді едәуір арттырады", — деді ол.

Алматыдағы жаңа теміржол құрылысы
Алматыдағы жаңа теміржол құрылысы. Фото: primeminister.kz

Отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және жүк транзитін кеңейту мақсатында Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатқанын айта кеткен жөн. Осылайша, өткізу қабілетін арттыру үшін Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдар салынуда. Жақын арада Қытаймен үшінші халықаралық түйісу нүктесіне шығатын Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз темір жол желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

"Бүгін біз Алматы торабын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастаймыз. Ол Орталық Азияға, Еуропаға және Каспий теңізі порттарына бағытталған транзиттік жүктердің өтуін жылдамдатады. Бұл желі соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан Алматы торабын жеңілдету үшін өте қажет. Әсіресе, Алматының маңы. Өнеркәсіп дамып келеді. Өткізу қабілетін қажет ететін көлік-логистикалық орталықтар салынуда", — деді "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2045704-almatyny-ainalyp-otetin-zana-temirzol-salynyp-zatyr/

pixel