Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ТМД-дағы жалғыз зауыт: Алматыда Қазақстан мен Малайзияның бірлескен кәсіпорны ашылды

Опубликовано:

Қазақстан-Малайзия бірлескен кәсіпорны
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыдағы "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағында электротехникалық жабдықтар мен электр энергиясын тарату жүйелерін шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт малайзиялық компанияның Орталық Азиядағы өкілдігі - "OISB Kazakhstan" ЖШС-ның инвестициялық қатысуы арқылы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жаңадан іске қосылып жатқан зауыт 1976 жылдан бастап мұнай-газ және электротехникалық өнімдерін шығарумен айналысатын ірі малайзиялық компанияның инвестициялық жобасы болып саналады. Қазіргі таңда зауыттың алғашқы кезеңінің жұмысы басталған. Компания директоры Тан Мей Йоктың сөзінше, бұл кезеңде 50 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

"Біз малайзиялық компаниямыз. 2017 жылдан бастап "ИТП" АЭА-ның мүшесіміз. Электрожабдықтарға Орта Азия елдерінен сұраныс өте көп. Біздің өнімдеріміз толықтай "Қазақстанда жасалған" деген сертификация арқылы нарыққа шығатын болады. Бірінші кезеңді сәтті еңсерсек, бұдан көп жұмыс орнын құруға бағытталған жобаларымыз бар", - дейді ол.

Қазақстан-Малайзия бірлескен кәсіпорны
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Зауытты Қазақстанда ашу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Онда өндірілген өнімдер негізінен Таяу Шығыс және Орта Азия елдеріне жөнелтілмек. Зауыттың өндірістік қуаттылығына келсек, жылына 2 мыңға жуық өнім шығаруға қауқарлы.

Зауыттың маркетинг және даму жөніндегі инженері Онгаров Жахонгир Ринатовидің айтуынша, бұл мұнай-газ саласындағы электротехникалық жабдықтар шығарумен айналысатын компанияның ТМД-дағы алғашқы өкілдігі.

"Біздің мақсатымыз – сұранысқа сай электротехникалық жабдықтарды өндіру. Бүгінгі күні жас мамандарды тартып, олардың осы салада дамуына, тәжірибе жинап, ары қарай өсуіне мұрындық болудамыз. Осы арқылы отандық өндірістің дамуына да үлес қосу жоспарда бар. Біздің клиенттер негізінен мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар", - дейді ол.

Қазақстан-Малайзия бірлескен кәсіпорны
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Ал зауыттың ашылуына келген Қазақстандағы Малайзия елшісінің кеңесшісі Мухаммад Хафизуддин аталған компания еліміздің өндірісіне инвестиция жасаған алғашқы кәсіпорын екенін атап өтті.

Зауыт жұмысының жандануына отандық құзырлы органдар да мүдделі. Мәселен, инвестициялық жобалардың жергілікті нарықта орнығуына прокуратура қызметкерлері атсалысып, компания өкілдеріне заңдық тұрғыдан көмек көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

"Қазақстан президенті биыл 19 сәуірдегі әлеуметтік-даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыс барысында кез келген маңызды инвестициялық жобаға прокуратура қызметкерлері тарапынан қолдау көрсетілуі керек екенін анық айтқан болатын. Бұл шара инвестиция тарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттырып, шетелдік кәсіпкерлер инвестицияларының қауіпсіздігіне кепілдік бола алады. Өз тарапымыздан біз де компанияға заңдық тұрғыдан көмектесіп, зауыттың ашылуына толықтай қолдау білдіріп жатырмыз", - дейді Алматы қаласы Медеу ауданы прокурорының орынбасары Бауржан Төлендинов.

Зауыттың өндіріс процесінде "RAWAK SMART" төмен вольтты жүйесінің инновациялық технологиясы қолданылатын болады. Жобаны іске асыруға көлемі 0,6 га болатын жер учаскесі бөлінген, ал малайзиялық компания 980 млн теңге көлемінде инвестиция құйған. "Алатау" технопаркі ЖШС – ИТП АЭА басқарушы компаниясының бас директоры Олжас Сартаевтың сөзінше, алдағы жылдары мұндай жобалардың да саны арта түспек.

Қазақстан-Малайзия бірлескен кәсіпорны
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

"Арнайы экономикалық аймақ Алматының Медеу ауданындағы 163 га аумақта орналасқан. Бұл жердің жартысына жуығын компаниялар пайдаланып отыр. Қатысушыларға салық және кедендік жүктемені төмендету бөлігінде түрлі преференциялар мен жеңілдіктер беріледі. Біздің аймақтың негізгі бағыты – электроника жабдықтары, прибор жасау, IT, деректерді өңдеу. 2020 жылы пандемияға байланысты медициналық жабдықтар да қосылды. Бүгінде бізде 20 млрд теңгеден астам сомаға 15-ке жуық жоба іске асырылып жатыр. Көптеген жоба әлі де жетілдірілуде. Келесі жылы олар іске қосылады, есесіне жобалар санының артқанына да куә бола аламыз", - дейді ол.

Бүгінде "ИТП" АЭА резиденттері қатарында 160 компания болса, олардың 55-і "ИТП" АЭА аумағында орналасқан. Аймақ құрылған сәттен бастап 6 727 жұмыс орны құрылып, 50,69 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2047279-tmd-dagy-zalgyz-zauyt-almatyda-qazaqstan-men-malaiziyanyn-birlesken-kasiporny-asyldy/

pixel