Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соғыс өрті барлық елді шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн": Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдай туралы ойын айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясына қатысып, Таяу Шығыстағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі сессия халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанына назар аударды. Еуразия құрлығындағы және ҰҚШҰ жауапкершілігіне кіретін аймақ төңірегінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мемлекет басшысының пікірінше, Таяу Шығыстағы оқиғалардың аужайы да ерекше алаңдаушылық туғызады.

"Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қаржы БҰҰ құрылымы – UNRWA/БАПОР ұйымы арқылы жіберілді. Қақтығыс кезінде бұл ұйымның қызметкерлері өте көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жұмысын ерлікпен жалғастырып жатыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн", – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімді құптайтынын мәлімдеді

"Біз әуел бастан қақтығысушы тараптардың гуманитарлық үзіліс жариялауы керек екенін айттық. Олар осы уақытты қалыптасқан жағдайды реттеудің ұзақмерзімді шараларын әзірлеуге пайдалану үшін бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Бұған қоса, БҰҰ аясында палестиналықтарға "Екі халық үшін екі мемлекет" формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн. Осындай қиын жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын мүлтіксіз орындап, халықаралық құқық нормаларын сақтау маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қазақстан президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалға назар аударып, халықаралық қоғамдастықты ауған халқына көмек беру ісін жалғастыруға шақырды.

"Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және тауқыметі көп осы елдің өңірлік экономикаға интеграциялануына ықпал ету маңызды деп санаймыз. Биыл Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, аса қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жөнелтті. Қазан айында Ауғанстанның батысында болған жер сілкінісіне байланысты көмек көрсетілді. Герат қаласына құтқарушылар, кинологтар мен медицина қызметкерлері жіберілді", – деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2047342-sogys-orti-barlyq-eldi-sarpymai-turganda-toqtagany-zon-toqaev-tayau-sygystagy-zagdai-turaly-oiyn-aitty/

pixel