Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-ның Шыңғырлау ауданында 32 қожалық жер телімін мемлекет меншігіне қайтарды

Опубликовано:

Әкімшілік ғимарат
Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданына іссапармен барып, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға зер салды.

Алдымен Амангелді ауылына ат басын тіреп, екі жылыжайдың жай-күйін көрді. Бағбан Ильяс Хайрушин бұл шаруашылықпен 2018 жылдан бері айналысып келеді. Ол Шыңғырлау ауданы мен Ақсай қаласын қиярмен қамтып отыр. Ал биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 8,6 млн теңге несие алып, кәсібін кеңейтуге кіріскен. Қазір үшінші жылыжайдың құрылысын бастап кетті.

"Қазірдің өзінде әр маусымнан 4-5 тонна өнім алып отырмын. Кәсібімнің өрге басқанын көріп, тағы бір жылыжай салуға кірістім. Енді келесі жылы қызанақ егіп көремін", - дейді бағбан.

Ал аудан орталығында 12 фермер бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құрды. Олар жеңілдетілген несие арқылы 38 бас асылтұқымды ірі қара сатып алған. Енді тауарлы сүт фермасын ашуды көздеп отыр. Келер жылы кең қоражай, мал саууға арналған орын және қосалқы шаруашылықтардан сүт қабылдау пункті салынады.

"Енді сиыр санын 50-ден асырып, тезірек асылтұқымды мал шаруашылығы кооперативі мәртебесін алуымыз керек. Өйткені кооператив мүшелері екі жылдан кейін несиелерін жабу керек. Сол кезде төлдер асылтұқымды ретінде ресми көрсетіліп, қарызды оңай жаба аламыз", - дейді кооператив мүшесі Нұрлыбек Қалиев.

Облыс әкімі екі бірдей шаруашылықтың жұмысына ризашылығын білдіріп, еңбек адамдарына мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сапар барысында аймақ басшысы Ащысай ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің жағдайын бағамдады. Ғимарат 1958 жылы салынған. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмеген. Қазір әбден ескіріп, сыйқы қашып тұр. Аудан әкімдігінің өкілдері бұл ғимаратты келер жылы жаңғырту жоспарланғанын айтты. Тиісті жұмыстарға 70 млн теңге жұмсалады. Оның 63 млн теңгесі республикалық, ал қалғаны облыстық бюджеттен бөлінбек.

Бұдан соң аймақ басшысы Шыңғырлау ауылында жұртшылықпен кездесті. Алдымен аудан әкімі халық алдында есеп берді. Бұл өлкеде 559 қожалық пен жеке кәсіпкерлік, 12 серіктестік пен 22 өндірістік кооператив бар. Соның ішінде 36 агроқұрылым биыл ашылды. Ал 32 қожалық игерілмеген 21 мың га жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарған.

Нариман Төреғалиев
Фото: БҚО әкімдігі

Аудан орталығында баспана кезегіндегі отбасылар үшін 45 пәтерлі тұрғын үй бой көтерді. Енді Ақшат, Ардақ, Ақтау, Амангелді және Сегізсай ауылдарында екі пәтерлі тұрғын үй салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Сонымен қатар Қайыңды, Ұрысай, Ақсуат, Сегізсай, Ақсоғым ауылдарын ауызсу желісімен қамту мақсатында жобалар әзір тұр.

Кездесуде облыс әкімі шырайлы Шыңғырлау жерінде ауыл шаруашылығына қолайлы мүмкіндік барын айтып, заманауи технологиялық әдістерді кеңінен қолдануды ұсынды.

"Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға, ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдауға басымдық беріп отыр. Бұл салада қазіргі заманның озық әдістерін қолдануымыз керек. Білікті мамандармен тәжірибе алмасу қажет. Еңбек етемін деген адамның әрқайсына көмек көрсетеміз. Мысалы, Дариян ауылына бір отбасы қаладан көшіп келіп, жемді өңдейтін құрылғы арқылы табыс тауып жатыр. Ал Трекин ауылында шаруа 60 сотық жерде 200 бас малды бордақылап отыр. Міне, осындай іскер жандардан үлгі алуымыз керек. Сонда әр ауылда жұмыс та, өнім де болады", - деді Нариман Төреғалиев.

Ашық алаңда тұрғындар сан салаға қатысты сауалдарын қойды. Оларға облыс әкімі мен құзырлы басқарма басшылары нақты жауап берді.

"70-жылдары салынған мектеп пен аурухана күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның үстіне техникалық мүмкіндігін жақсарту керек. Осы мәселені жақын арада шешіп беруді сұраймыз", - дейді ауыл тұрғыны Алтынай Бақтыгереева.

Нариман Төреғалиев
Фото: БҚО әкімдігі

"Аудан орталығындағы Л.Қылышев мектебін жөндеуді біз 2025 жылға енгізіп отырмыз. Себебі дәл қазір құжаттамасында түйткілді тұстар бар. Соны түзетуіміз керек. Аудандық аурухана да 2025 жылға жоспарланған. Өйткені шағын елдімекендердегі медициналық нысандарды жаңғырту жұмысы аяқталғанын күтеміз. Бәрі Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр", - деді облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева.

Кездесуден соң аймақ басшысы тұрғындарды жеке қабылдады. Кейін аудан орталығында салынған көппәтерлі үйді тапсыру рәсіміне қатысып, отбасыларға баспана кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2047404-bqo-nyn-syngyrlau-audanynda-32-qozalyq-zer-telimin-memleket-mensigine-qaitardy/

pixel