Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда екі бірдей кәріз-сорғы станциясы жаңғыртылып жатыр

Опубликовано:

Сорғы станциясының құрылысы
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Оралда гидронысандарды кезең-кезеңімен жөндеу және қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір №2 және №3 кәріз-сорғы станциялары жаңғыртылуда. Екеуі де қаланың орталығында орналасқан. Тиісті жұмыстардың жүзеге асырылу барысын қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев тексерді.

Мамандардың айтуынша, №2 кәріз-сорғы станциясының жобалық қуаты сағатына 3 мың текше метр. Гидронысан 1961 жылы салынған екен. Бүгінде әбден тозып тұр. Салдарынан техникалық апат жиілеп кетті. Оны қайта құру жобасы аясында қазір демонтаж жұмыстары жүріп жатыр.

№3 кәріз-сорғы станциясының да жағдайы мәз емес. Желінің ескіруі гидронысанның қалыпты жұмыс жасауына кедергі келтіріп тұр. Осы аумақтағы 139 әлеуметтік нысан мен 230 мыңға жуық тұтынушыға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыру үшін биыл бұл станцияны да жаңғырту бастамасы қолға алынды.

Құрылыс алаңындағы инспекторлар
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Қос гидронысанды қайта құру жұмыстары кесте бойынша келер жылы аяқталуы қажет. Бұл кәріз-сорғы станциялары жаңғыртылған соң қаланың орталық аудандарындағы су бұру желісі біркелкі қалыпқа келмек.

Үш өзеннің тоғысқан тұсына көшіп келушілер қатары жылдан жылға артып, қаланың аумағы ұлғайып келеді. Сәйкесінше коммуналдық қызмет мамандары мен гидронысандардың жүктемесі артып барады. Қызмет сапасын оңтайландыру бағытында тағы бір жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, енді ғана бой көтеріп келе жатқан Ақжайық шағын ауданында жаңа кәріз-сорғы станциясының құрылысы басталды.

Құрылыс жабдықтары
Фото: Орал қаласының әкімдігі

"Ол ықшам ауданда кәріз-сорғы станциясымен бірге су бұру желілері салынып жатыр. Оның жалпы ұзындығы 4,5 шақырым. Жаңа әкімшілік аумақ үшін бұл аса маңызды нысан. Тиісті жұмыстарды 2024 жылдың соңында аяқтау жоспарланған", - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарламасында.

Мердігер ұйым өкілдері құрылыс барысында әзірге ешқандай кедергі жоқ екенін айтты. Қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев оларға жұмыс мерзімі мен сапасына мән беруді тапсырды. Бұл жобалардың жүзеге асырылу барысы жіті бақылауда болатынын еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2047793-oralda-eki-birdei-kariz-sorgy-stanciyasy-zangyrtylyp-zatyr/

pixel