"Бәріміз Жер шарын сақтауға жауаптымыз": Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте не айтты
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтіп жатқан Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.
"Ең алдымен, СОР28 саммитіне төрағалық еткені үшін Жоғары Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға зор алғысымды білдіремін.
Бүгінде жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатыр. Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр.
Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы да климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр. Қазақстан болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның көкейтесті үндеуін толық қолдайды.
Біз Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші елміз және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдадық. Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында "жасыл" технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді.
Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ "жасыл" сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет.
Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз.
Шын мәнінде, алдағы онжылдықта аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналады. Қазақстан өтпелі кезеңде осындай минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын.
Сонымен қатар біз жекелеген "жасыл" бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр.
Климатты қорғау үшін экономикасы дамып келе жатқан елдерден ұлттық өркендеуі мен жаңғыруын құрбан етуді талап етпеген жөн. Бұл принципті әрі әділетті ұстаным деп санаймын. Керісінше, аталған мақсаттар қатар жүруі және бір-біріне дем беруі керек. Осы орайда батыл қадамдар жасау қажет.
Метан қалдықтарын азайту – жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл.
Сондықтан Қазақстанның Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға шешім қабылдағанын зор қуанышпен мәлімдеймін.
Сонымен қатар біздің аймақтағы елдердің көмірге қатысты түйткілді проблемалары бар. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан өңірде бірінші болып Әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасын (JETP) іске асыруға ұмтылыс жасап отыр.
Аталған екі бастама табысты орындалуы үшін достарымыз бен серіктестерімізді қолдау көрсетуге шақырамыз. Кеңірек айтқанда, халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана.
2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз.
Мысалы, біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді.
Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз.
Биылғы COP28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты СОР29-ға дейін жалғастыратын диалог алаңы бола алады.
Орталық Азиядағы климатты қорғау жөніндегі іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында біз БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуге шешім қабылдадық.
Климат жөніндегі төтенше жағдай – жаһандық дағдарыс. Оған бүкіл әлем болып төтеп беру қажет. Бәріміз Жер шарын сақтауға және баршаға ортақ орнықты даму мақсаттарын қамтамасыз етуге жауаптымыз.
Қазақстан ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шеше алатынымызға кәміл сенеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2048734-toqaev-klimat-zonindegi-duniezuzilik-sammitte-ne-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.