Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халыққа зияны көп": Тоқаев Ақтөбе облысының әкіміне экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Асхат Шахаров
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Асхат Шахаров. Фото: t.me/aqorda_resmi

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірдің экономикалық әлеуеті мен перспективті инвестициялық жобалары туралы баяндады. Жобалармен танысқан мемлекет басшысы Асхат Шахаровқа экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда өңір экономикасына 804,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Салынған қаржының негізгі бөлігі, яғни 725,5 миллиард теңге жеке инвесторларға тиесілі. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 62,6 миллиард теңге, металл кенін игеруге 145,6 миллиард теңге құйылған.

Өңірде биыл жалпы сомасы 57,2 миллиард теңге болатын 19 ірі жобаны іске қосу да жоспарланған, барлық инвестициялық жоба үшін жасыл дәліз қағидаты енгізілген.

Сондай-ақ Асхат Шахаров президентке бірқатар инфрақұрылымдық жоба әзірленгені туралы мәлімет берді. Оның сөзінше, қазір Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Облыс әкімі мемлекет басшысына Ақтөбеде кәріз жүйесін тазарту қондырғысын салу жөніндегі жобаны да таныстырды. Оның айтуынша, құны 53,5 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тартылмақ.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласына "Бұхара – Орал" магистральды газ құбырынан үшінші желіні тарту жұмыстары жөнінде де баяндалды. Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы газ құбырларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Осы орайда мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әкіміне экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды.

"Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет", - деді президент.

Кездесуде бұдан бөлек, ірі компаниялардың өкілдері мемлекет басшысына өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2049471-toqaev-aqtobe-oblysynyn-akimine-ekologiya-maselesin-tez-arada-sesudi-tapsyrdy/

pixel