Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кішкене тозған екен": Тоқаев Асхат Шахаровқа Ақтөбеде жаңа театр салуды тапсырды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында
Қасым-Жомарт Тоқаев Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында. Фото: akorda.kz

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына барды. Өнер ордасының ғимаратын аралаған президент театрдың тозғанын айтып, облыс әкімі Асхат Шахаровқа жаңа театр салуды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Мемлекет басшысы ең алдымен, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткіштеріне гүл шоғын қойды.

Бұдан кейін Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы бүгінде халықтың театрға қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өнер ордасы ғимаратының тозғанын айтып, облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды.

"Театр жалпы жақсы, бірақ кішкене тозған екен. Әкімге жаңа театр салу керектігін айттым", - деді президент кездесуде.

Сонымен қатар мемлекет басшысы облыс жұртшылығы өкілдерімен әңгімелесу барысында елімізде заң үстемдігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін атап өтті.

"Мен қай жерге барсам да заңның үстемдігі туралы айтып жүрмін. Бұл – өте маңызды. Олай болмаса, табысты мемлекет құра алмаймыз. Жастармен кездескен сайын оларды еңбекқор, тәртіпті болуға шақырамын. Жалпы жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстанды дамыту – халықтың, мемлекеттің шаруасы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында президент Ақтөбе облысын көркейтуге елеулі үлес қосып жүрген түрлі саланың өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2049490-kiskene-tozgan-eken-toqaev-asxat-saxarovqa-aqtobede-zana-teatr-saludy-tapsyrdy/

pixel