БҚО-дағы шалғай ауданда көпір құрылысы аяқталды
Жарияланған күні:
Жәнібек ауданына іссапармен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев бірқатар құрылыс нысанында болды. Алдымен "Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы" бағытындағы республикалық трассасын жаңғырту жұмыстарын бақылады.
Күре жолдар - экономиканың күре тамыры. Елдің индустриалдық дамуы мен тауар айналымын ұлғайту үшін трассалардың құрылысына ерекше мән беріліп отыр. Ал географиялық жағдайы қолайлы өңірде бұл бағыттағы жұмыстар тіптен жүйелі жүргізіле бастады.
"Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы" бағытындағы республикалық жолдың құрылысы осыдан 4 жыл бұрын басталған еді. Пандемия, одан соң материалдардың қымбаттауы сияқты мәселелер бұл жобаның кестеден кешігуіне себеп болды. Алайда биыл тиісті жұмыстар қайта жанданған. Дәл осы жобаға енгізілген "Өнеге-Бисен-Сайхын" жолында да құрылыс қарқыны едәуір артты. Мұнда биыл жүргізілген жұмыс көлемі үшжылдық кезеңмен пара-пар. Жолдың 72-ші шақырымда көпірдің құрылысы аяқталды. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев мердігер ұйым өкілдерінің жұмысын бағамдап, бірқатар тапсырма берді.
"Президентіміз жол құрылысына көңіл бөліп отыр. Ол бізге маңызды міндеттер жүктеді. Сондықтан жұмысымыздың саны мен сапасы сай болуы керек. Мен дәл осы құрылыс аумағына соңғы рет келген кезде көпір мүлде болған жоқ. Бетонын енді ғана құйып жатқан еді. Мен мердігерді шақырып, мәселелерді бірге талқыладық. Оларға жұмысты жеделдетуді тапсырдым. Мердігер ұйым сол сыннан нәтиже шығарып, жұмыс қарқынын күшейтті. Тіпті қазір олар жоспар мерзімінен алда келе жатыр. Көпірді қолданысқа беріп те үлгерді. Енді тұрғындар осы көпірді пайдалана алады. Жәнібек ауылынан облыс орталығына жету үшін бұрынғыдай айналма жолмен қатынап, уақыт құртудың да қажеті болмайды", - дейді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімінің қолдауымен құрылыс учаскелеріне қосымша жұмысшылар мен техникалар жұмылдырылды. Ал құрылыс барысы аймақ басшысының тікелей бақылауына алынды. Қазіргі таңда жолдың тек төменгі қабаты төселгеніне қарамастан учаске тұрғындардың қолданысына беріле бастады. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданның жұртшылығы ризашылығын білдірді.
"Біз осы жолға асфальт төселуін асыға күттік. Өйткені облыс орталығына қатынау өте қиын еді. Тек аса қажеттілік болған жағдайда ғана жолға шығатынбыз. Жауын-шашын күндері трассаға шығу мүлде мүмкін болмай қалатын. Ал қазір жағдай жақсарды. Жолдың тегістелуі уақыт үнемдеуге де мүмкіндік беріп отыр. Қалаға бару үшін бұрынғыдай жарты тәулік жүрмейміз. Сапалы жол халықтың тұрмысына да, өңірдің экономикасына да оң әсерін тигізері анық. Біз өте қуаныштымыз!", - дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев.
Айта кету керек, жергілікті ақсақалдар күре жолдың құрылысын үнемі қадағалап отырады. Аймақ басшысымен кездесуде осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.
Өңірдің оңтүстік аудандары тоғыз жолдың торабында жатыр. Жәнібек ауданының аумағымен республикалық трассаның 99 шақырымы және облыстық маңызы бар жолдардың 260 шақырымы қиып өтеді. 2022 жылы осы аудандағы облыстық жолдардың 30 шақырымы, аудандық маңызы бар жолдардың 40 шақырымына асфальт төселген. Соның ішінде "Жәнібек-Талов-Кіші Өзен" жолының бір бөлігі күрделі жөндеуден өткізілді.
Қамысты ауылында 15 шақырым кіреберіс жол толығымен жаңғыртылды. Ал аудан орталығында 2 көшедегі 4 шақырым жол салынған. Келесі жылы тағы 4 көшеде 6 шақырымға жуық жол салу жоспарланып отыр. Сонда аудан орталығындағы асфальтталған жолдардың ұзындығы 50 шақырым болып, олардың үлесі 63 пайызға жетеді, дейді жергілікті мамандар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2049663-bqo-dagy-salgai-audanda-kopir-qurylysy-ayaqtaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.