Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Батыс Қазақстан облысында екі ақылы жолға тариф енгізілді

Опубликовано:

Көліктер кептелісте тұрып қалды
Иллюстрациялық фото: unsplash.com

Республикалық маңызы бар автожолдардың ақылы учаскелеріне тариф енгізілді. Жолдың ұзындығы мен жүк салмағына қарай қызмет бағасы 280 теңгеден 2450 теңгеге жетеді.

Ақылы қызмет Ресей федерациясының Самара мен Саратов облыстары бағытындағы жолдарға қатысты. Бұл тарифті жүргізушілердің бәрі емес, тек бірқатар транспорт түрін тізгіндеген азаматтар төлейді.

Көлік министрлігінің автомобиль жолдарын пайдалану туралы бұйрығына сәйкес, салмағы 2,5 тоннадан асатын жүк көліктері мен 16 орыннан көп автобустар үшін енді осындай талап қойылады. Қалған транспорт түрлері әдеттегідей тегін қатынай береді.

Айта кету керек, Самара бағытындағы жолдың ақылы учаскесі 56 шақырым, ал Саратов бағытындағы жолдың ақылы учаскесі 100 шақырым. Төлемдерді алу үрдісі көліктерді тоқтатпай-ақ, бейнебақылау және жылдамдық өлшегіш құрылғылары бар цирфлық маңдайша арқылы жүзеге асырылады.

"Жүктің салмағына қарай Самара бағытындағы жолдың ақысы 280 теңгеден 1400 теңгеге дейін, Саратов бағытындағы жолдың ақысы 490 теңгеден 2450 теңгеге дейін болады. Осы трассалардың бойындағы елді мекендерде тіркелген жүк көліктері үшін бірайлық немесе біржылдық абонементтік қызмет көрсетіледі. Жолдың ақылы учаскесіне кірген кезде көлік жүргізушілеріне хабарлама келеді.

Заңды тұлғалар ақылы автожолдар дирекциясымен келісімшарт жасауы тиіс. Ол құжатты Qaj.kz сайты арқылы рәсімдеуге болады немесе 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, оператордан жан-жақты кеңес алуға мүмкіндік бар. Жолдарды ақылы қылғалы бері трассаларды күтіп-ұстауға қажетті арнайы бірлік техникалар сатып алып жатырмыз. Мысалы, жыл басталғалы бері 14 жаңа техника алынды", - дейді "Қазавтожол" АҚ" ҰК директорының орынбасары Дамир Тілеубаев.

Ауыр жүк көліктері автожолдардың сапасына кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан олардан осындай төлем алып, жағдайды реттеу тетігі қарастырылған. Жергілікті қазына үшін қосымша кіріс пайда болып, ол қаражат арқылы жолдарды күтіп-ұстаумен қатар, жөндеу жұмыстарын жүргізуге де болады.

Ақылыға айналған жолдардың жай-күйі қазір көңіл көншітеді. Орал-Самара учаскесі 2020-2022 жылдары орташа жөндеуден өткізілген. Ал "Орал-Тасқала-Ресей шекарасы" бағытындағы автожолға 2018 жылы толығымен күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ендігі кезекте "Самара-Шымкент" трассасының Ақтөбе қаласы бағытындағы учаскесі қалыпқа келтірілген соң, ол аумақ та ақылыға айналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2049678-batys-qazaqstan-oblysynda-eki-aqyly-zolga-tarif-engizildi/

pixel