Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізген. Соның нәтижесінде, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталған. Бүгінде оның 90 пайызының күші жойылған. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі.

"Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралына айналады. Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды", - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етеді. Атап айтқанда, онда фискальды органдарды әкімшілендірудің сервистік моделіне көшіру мәселесі қамтылады.

"Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады", - деді ол.

Сондай-ақ президент бизнесті дамытудың қазіргі ынталандыру тетігін сақтай отырып, қосымша қолдау шаралары қабылданатынын атап өтті.

"Түсінікті және болжамды салық саясаты экономикалық өсімге тың серпін береді деп сенемін.

"Мемлекет бизнестің барлық түрін дамытуға жол ашып отыр. Аса ірі жобалар да, шағын кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат өзінің қарым-қабілетіне және адал еңбегіне сай табыс табуға тиіс. Сондықтан біз бастамашыл әрі іскер азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2050381-toqaev-biznes-subektilerinin-salyqtyq-esebin-30-paiyzga-azaitu-zosparlanyp-otyr/

pixel