Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысы әкімдігінің басқарма басшысы соттылығына байланысты қызметінен кетті

Опубликовано:

Мұрат Кинтонов
Мұрат Кинтонов. Фото: instagram.com/kintonov71

Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мұрат Кинтонов 35 жыл бұрынғы соттылығына байланысты қызметінен босатылды. Оның бұрын сотталғаны туралы дерек Федоров ауданы әкіміне кандидатурасын ұсынғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды "ТоболИнфо" басылымы.

Басылым жазуынша, бұрынғы мәдениет және спорт басқарма басшысы Мұрат Кинтонов бұған дейін мемлекеттік қызметке үш рет келген және әлі бір рет те оның үстінен арыз-шағым түспеген.

Алайда жуырда ол Федоров ауданы әкімі қызметіне өзінің кандидатурасын ұсынғаннан кейін оның 17 жасында басқа елде сотты болғаны туралы ақпарат шыққан.

"Кинтонов мемлекеттік қызметте 1999 жылдан бері ұзақ үзіліспен қызмет етіп келді, "Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасы" ММ басшысы болып жұмыс істеген кезінде тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған. Жоғарыда аталған лауазымды тұлға "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы" ҚР заңында бекітілген талаптарға сәйкес келмегені туралы ақпараттың түсуіне байланысты қызметінен босатылды", - деп жазады басылым Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаевтың сөзіне сүйеніп.

Оның айтуынша, заң бойынша мемлекеттік қызметке келген әр адам арнайы тексеруден өтеді. Мұрат Кинтонов барлық лауазымға тағайындалған кезде оның мемлекеттік қызметке кіруіне кедергі болатын ақпарат берілмеген еді.

Яғни ол соттылығын жасырғаны үшін жұмыстан шығарылған.

"Мен мұны жасырғаным жоқ. Алғаш рет мемлекеттік қызметке келген кезде бұл туралы еңбекке қабілеттілікті тексеру үшін әңгімелесу барысында да айттым. Бұл 2000 жылы болған. Екінші рет 2009 жылы құқықтық статистикадан анықтама тапсырдым, ол кезде де жасырғаным жоқ. Бірақ бүгін белгісіз себептермен бір тың жаңалық ашылғандай кейіп танытып отыр", - деді Мұрат Кинтонов.

Қазір бұрынғы шенеуніктің айтуынша, оның соттылығы әлдеқашан жойылған және оның сыбайлас жемқорлық қылмыстарына еш қатысы жоқ.

"Меніңше, мен жай ғана біреуге ұнамай қалдым әрі реформаларым да жақпай қалған. Жұмыстан босату туралы бұйрыққа қатысты шағым түсіремін бе, жоқ па, уақыт өте көрерміз. Ал қазір мен жұмыс іздеп жүрмін, отбасымды асырауым керек", - деді Мұрат Кинтонов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2050635-qostanai-oblysy-akimdiginin-basqarma-bassysy-sottylygyna-bailanysty-qyzmetinen-ketti/

pixel