Кейбір қазақстандықтар үшін 55 жастан бастап арнайы төлем енгізіледі: Тоқаев заңға қол қойды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек жағдайлары қауіпті жұмыстарда істейтіндерді әлеуметтік қорғау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жолдауында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенше, арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалатынын айтқан болатын.
"Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.
Менің тапсырмаммен үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар.
Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр", - деген еді президент.
Еңбек министрлігі 2024 жылы 37 мыңнан астам адам арнайы төлем алуы мүмкін екенін мәлім еткен болатын. Қазақстандықтар төлемді 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін алады.
Алдын ала мәлімет бойынша 2024 жылы орташа төлем сомасы 208 мың теңгеден асады. Бірақ оның нақты мөлшері әрбір қызметкердің БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты болады. Арнайы төлеме жекелеген жағдайда 400 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2051989-keibir-qazaqstandyqtar-usin-55-zastan-bastap-arnaiy-tolem-engiziledi-toqaev-zanga-qol-qoidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.