Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат шетелден көлік жеткізудегі кедергілерді айтып, жұрттың үш талабын атады

Опубликовано:

Оталып тұрған автокөлік. Көрнекі сурет
Оталып тұрған автокөлік. Көрнекі сурет. Фото: Graham Hughes/Bloomberg via Getty Images

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында елге жеткізілетін көлікке қойылатын көптеген шектеу туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Бүгінгі депутаттық сауалым тоз-тозы шыққан темірді тақымдауға мәжбүр мұқым елдің мұңы. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы автокөліктер әуелден ада болуы керек. Себебі әбден тозығы жеткен. Санмен сөйлейік, қазір Қазақстанда 4 млн жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде 10 жыл.

Ал Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызы зауыттан шыққанына 20 жылдан асса, 21 пайызына 10 жыл толған. Осылай кете береді. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктер үлесі елімізде 6 пайыз ғана екен. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын көруге болады", - дейді мәжілісмен.

Оның айтуынша, "үйсіз-күйсіз жүрген" азаматтарымыздың ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға симайтын кедергілер қойылған.

"Себебі Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек. Бірінші, көлік бағасының 12 пайызындай қосымша құн салығын төлеу керек, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек, яки шетелден қандай автокөлік әкелсең де, олардың Қазақстандағы дилерлерінен сертификат алу шарт. Оның құны 60 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін. Төртінші, кеден алымын төлеу керек, шамамен 20700 теңге. Бесінші, автокөлік қозғалтқыш көлеміне қарай утиль алымын төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден бастап қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса, 1 983 750 теңге төлеу керек. Оған қоса шамамен 350 мың теңге акциз төлеу керек. Бұл да соңы емес. Әрі қарай автокөлік шығарылған жылына қарай төлем бар, "первичка" дейді.

Егер Қазақстанға келетін көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса, тағы 1,8 млн теңге төлеу керек. Оған қоса СВХ мен порттың және брокердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті төлем салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды", - дейді дерпутат.

Ол азаматтарымыз міндеттемелерді төлемейміз деп отырған жоқ дейді, бірақ тағы бір проблема кедендік сетка бар. Яғни бұл құжатта Қазақстанға кіретін барлық автокөліктің ең төменгі бағасы белгіленген.

"Бір ғана мысал: Қазақстандағы су жаңа Hyundai Elantra-ның құны ресми сайтта 11 млн теңгеден басталады. Ал шетелден сол автокөлікті әлдеқайда арзанға алуға болады. Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 8 мың долларға, 10 мың долларға сатып алсаңыз да, Қазақстанға тек 13800 доллар деген бағамен кіреді және барлық салықтық және міндетті төлемдер осы бағадан есептеледі. Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алынған автокөліктерін біздің азаматтар алдымен Қырғызстанға әкеліп тірейді. Ол жақтағы төлем бізден екі есе аз. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз", - дейді депутат.

Оның мәліметінше, 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығынла қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген, кейін соның біраз бөлігі біздің елге кірген.

"Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуге тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отырмыз", - деп мәлімдеді Сәрсенғалиев.

Осылай деген депутат өзіне келіп жатқан хаттарды айтып, жұрттың талаптарын атап өтті.

"Біріншісі, Қазақстанға келіп жатқан автокөліктердің шекті құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендету. Екіншісі, алғашқы тіркеу бағасын түсіру. Қазір Қазақстанға жеткізілетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса, оған 1,8 млн теңге төлеу міндеттеледі. Осы мерзімді 7 жылға дейін созу. Үшіншісі, утильалым бағасын төмендету. Тіпті, үкімет мырзалық қылса, алып тастау", - деп оқыды ол жұрттың ұсынысын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2052903-deputat-setelden-kolik-zetkizudegi-kedergilerdi-aityp-zurttyn-us-talabyn-atady/

pixel